Атырауда полицейлер ерлі-зайыптылардан 200-ге жуық трамадол мен трапикамид тәркіледі.
Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен №1 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері "Қарасора-2022" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көп қабатты пәтер ішінде қатаң түрде дәрігердің тағайындауымен ғана берілетін дәрі-дәрмектерді тәркіледі.
Ерлі-зайыпты 35 жастағы әйел адам мен 40 жастағы ер адам психотропты дәрі-дәрмек сатумен айналысқан. Ерлі-зайыптылардың пәтерінен 171 трамадол, 97 тропикамид тәркіленді. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты құжаттар жинақталуда. Айта кетейік, аталған әйел бұрын да дәл осындай құқықбұзушылық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған.
Атыраулық полицейлер жыл басынан бері заңсыз психотропты дәрі сатумен айналысқан 20 күдіктіні анықтады. Полицейлер облыс тұрғындарынан заңсыз психотропты дәрі сатқан тұлғаларды көрген немесе байқаған жағдайда міндетті түрде 102 операторына хабарлауын сұрайды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА