Атырау, 24 қараша 15:17
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аудандарда тағыланған ит көбейіп, алаңдатып отыр

Сурет Бейнежазба
1 141 просмотра

Қызылқоға ауданының тұрғындары қорадағы малды иттер аяусыз талап кетіп жатыр деп шағымдануда. Олар енді басынып, адамдарға шабуыл жасай бастай ма деп қорқады.

Биыл Сағыз ауылына іссапарға барғанымда ірі төбетке таланып қала жаздағаным есіме түсті. Сұхбат алу үшін бір жергілікті тұрғынның үйіне қарай беттедім. Үй иесін айқайлап шақырып ем, ешкім шықпады. Аулаға беттеп, ішке қарай кіре бергенім сол еді, кенет, үлкен алабай мен қара төбет маған қарай тура арсылдай қарсы жүгірді. Бағыма қарай, алабай шынжырда тұрды, ал төбет бос жүр екен. Төбет атыла бергенде тұйыққа тірелгенімді түсініп, жаным көзіме көрінді. Қашатын жер жоқ,  қашқанның өзінде артымнан жетіп алып, жұлма-жұлмамды шығаратынын түсіндім. Жан дауысым шығып, орнымда сілейіп қаттым да қалдым. Қазір бұл күлкілі естілер, мен сонда тоқтамай шыңғырып тұрып, жайлап жеңімді түріп, боксшының тұрысын салып, жұдырығымды түйіп, кәдімгідей қара төбетке қарсы шайқасуға оқталдым. Әуелі оттай өзіне тура қарап, бетімді қолыммен жаптым. Осы кезде бар тіршілік бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Тура қадалған көзқарасымнан қорқыныш емес, қасқайып қарсылық танытқан түрімді көріп, бір нәрсені түсінбеді ме, бір мезгілде арсылдап атылған төбет те қозғалыссыз, үнсіз қалды. 

Сол кезде біреу мені айқайлап шақырды, қаладан ауылға бірге келген көлік жүргізушісі екен. Не болып жатқанын байқаған ол маған көмекке ұмтылды. Мен төбетті алыстан айналып өтіп, әрең сытылып шықтым. Біраз стресс алдым, адреналинім көтеріліп кеткенін сездім. Тіпті, бір жақсысы бар күшпен айқайлап, кеуде бұлшық етім (диафрагмам) ашылып, дауысымның бояуы қанық шыға бастады.

Содан кейін бірнеше аптадан соң ауылдың бірнеше тұрғыны қорадағы малына иттердің қырғидай тиіп жатқанына шағымданды. Олар ауладағы өліп жатқан малдарының бейнежазбасын жолдады. Сол кезде Сағыз ауылының әкімі Өтепберген ӘБІЛОВ те мардымды жауап бере алмады. 

Ал, жақында Миялы ауылының тұрғындарынан да осындай шағым түсті. Әсіресе, Жасқайрат ауылында ит көп, малға шауып жатыр деп хабарлады. 

- Қозы, ешкі, лағы бар, бәріне тиіп жатыр. Өзіміз итті атайық десек, 6000 теңге айыппұл салады екен. Бүгін малға шапса, ертең адамға шабады, қауіпті, - дейді Жасқайрат ауылы тұрғындарының бірі.

Қызылқоға аудандық әкімдігі соңғы кездері адамдар арасында ит қабу жағдайының көбейіп, балаларға қауіп төндіріп отырғанын растады. Жыл басынан бері Қызылқоға ауданы бойынша 17 ит қабу фактісі тіркелген. 14 жасқа дейінгі 16 бала зардап шеккен. Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат ҚҰЛБАЕВТЫҢ мәлімдеуінше, 17 жағдайдың ішінде 10 иттің иесіне ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 407-2 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 1521 айыппұл салынған. Қалған 7 иттің иесі табылмай, бұралқы иттер екені анықталды. Ауданда ит аулау жұмыстары жүргізілмейді. Себебі, ауданда ит аулау жөнінде қаржы бөлінбеген. Облыстағы барлық ауданға да қатысты жағдай осындай.

- Қазіргі таңда Қызылқоға ауданы әкімдігі тарапынан заңдылыққа сәйкес, итті аулап ұстау жөнінде қаржы қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Айнұр САПАРОВА

Жергілікті тұрғындар жолдаған суреттер мен бейнежазба

11 қазан 2022, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.