Атырау, 29 қараша 07:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Индер ауданында ондаған қой-ешкіні қырып кетті

Сурет Бейнежазба
1 545 просмотра

Қыркүйек айының соңынан бері Индер ауданына қарасты Есбол және Елтай ауылдарында тұрғындардың аулада тұрған малдарын талап, қырып кеткен. Ауыл тұрғындары түнгі күзет ұйымдастырғанымен, әзірге қой-ешкіге шабуыл жасаған жыртқышты ұстай алмай отыр.

Әлеуметтік желіде Есбол ауылында белгісіз бір аңның тұрғындардың аулада тұрған малын қырып кеткені туралы видео тараған болатын. «АЖ» тілшісі оқиға болған жерге аяқтай барып, есболдықтармен тілдесіп қайтты.

Бұл жерде шамамен 5 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғылықты халықтың басым бөлігі малмен күнелтіп отыр. Сол ақ адал малынан бір сәтте айрылып қалу оларға оңайға соқпауда. Мал өлімінен кейін түн болса есболдықтар үрей құшағында отырады. Ауылдың шеткі көшелерінде тұратын үш үйдің малын өлтіргенін өлтіріп, шалажансар күйде қызыл-ала қан қылып жайратып кеткен. Бес қойынан басқа малынан бір түнде ада болған Болат ЕСБОЛОВТЫҢ отбасы бұл оқиғаға сенер-сенбесін білмей отыр. Ауылдың ең шеткі көшесінде тұратын олар 2 шақырым қашықтықтағы тоғай жаққа қорқынышпен қарайды.

- Жолдасым екеуіміз де зейнеткерміз, балаларымыз қалада, ауылда жұмыс жоқ. Осы азын-аулақ малды күнелтіске жаратып отырмыз, зейнетақының өзі жетпейді, дәрі-дәрмегіміз бар дегендей, тамақ болса удай қымбат. Жолдасым ауырып, Атырау қаласына кеткен едік, малды көршілерге аманаттап кеттік. Көршілерім қыркүйектің 28-нен 29-на түнде қой-ешкіні біреу жайратып кеткенін хабарлады. Келсем, мал әр жерде жатыр, бесеуін бауыздап үлгерген, оның екеу жарамсыз. Өйткені әбден талағаннан еті қанталап кеткен. 21 қой-ешкіден қалғаны 5-еу ғана. Ит болар дейді малға тиіскен, көрмегесін айта алмаймын. Полиция заңнан аттап, итті ата алмайтынын айтып, шарасыз күйде. Сонда бізді кім қорғайды? - дейді Дәметкен МАХАМБЕТОВА.

- Ауылдағы малды бірнеше бөлікпен, әр үй кезекпен өріске шығарып жаямыз. Мен осы «Меңдібай» бөлігіндегі малға бас-көз болып, кезектерді реттеп отырамын. 29 қыркүйек күні Бөкеңнің (Болат Есболовтың) малы шықпай қалыпты. Сұрастырмаймын ба, не болды екен деп. Сол жерде көршілері малын аулада жайратып кетіпті деді. Үш-төрт адам болып келсек, расында адам шошырлық жайттың үстінен түстік. 16 қой-ешкіні тамағынан тістеп өлтіріп, құйрықтарын жұлып, болмаса жарақаттаған. Біз келгенде бес-алты ит болды, қойларды жеп жатыр екен. Біз келгесін тым-тырақай қашып кетті. Бұл иттен болды ма, анық білмеймін, әлде таңертең келіп жеп жатқанын. Итті атпауға заң шыққалы пайдасынан зиянын көріп жатырмыз, - дейді Бекберген ДОСҚАЛИЕВ.

Ал ИМАШЕВА Қамажайдың ауласына қазанның 2-сі күні түсіп, 6 қой-ешкісінің тамағынан тістеп, талап өлтіріп кеткен. Сол күні түнде тойдан келген Қамажай бөгде дыбыс байқамағанын, ауласының биік болғанын айтады. «Төрт қой ауырып тұр, мал дәрігерлеріне қаратып, ем-дом жүргізіп жатырмын, бірақ әлсіз. Сойып алуға да келмей тұр» дейді ол.

- Ал қараңызшы мына аула биік, тесік жері жоқ, итіміз байлаулы тұр. Қалай түскен, мысық өтетіндей саңылау ғана бар, - дейді Үміт ЕЛЕМЕСОВА.

- Үйде болдыңыздар ма, бөгде дыбыс естіген жоқсыздар ма?

- Дым да. Қазанның 1-і күні түскен. Жалпы таңертең ерте тұрамыз, мал өргізуге. Екі ешкімді сауып алатынмын. Сол күні білмеймін, аула жаққа келгенмен біртүрлі сескеніп тұрдым. Қарасам екі ақ лақ созылып жатыр, өліп қалған. Енді жан-жағыма қарасам, бес ешкі қызыл-ала қан, ал қалған бесеуі үрпиіп, шошыған күйде бастырманың астында тұр. Тамақтарынан, аяқтарынан тістеп жарақаттаған, ішек-қарнын шұбатып тастаған, ал бір ешкінің сүйегі көрініп тұр, жағын жұлып алған. Мына көріністі көргеннен шошып үйге қарай жүгірдім. Негізі ит пе, басқа жыртқыш аң ба, білмедім, малды жемеген, тістеп, талап, жарақаттаған, - дейді сол күнді еске алған Үміт апа.

Ал орталық көшеде тұратын Гүлнар ОРАЗМҰХАМБЕТОВАНЫҢ  ауласына кірген жыртқыш екі қойдың құйрығын тұтасымен жұлып алған, ал қалған екеуінің тамағынан тістеп жарақаттаған. Жалпы Жамбыл және Бейбітшілік көшелеріндегі төрт отбасынан 25 қой-ешкі өліп, 16-сын жарақаттаған. Ауыл адамдары сол күндерден бері түн болса қорқатынды шығарды. Мектепте оқитын балаларына да алаңдаулы. Әркім әртүрлі пікір айтуда, бірі бұралқы ит десе, енді екіншісі қарсақ болуы мүмкін деседі. Ал бір танысым Батыс Қазақстан облысында дәл осындай мал қырғыны болғанын, кейін анықтағанда ит болып шыққанын айтады. Ойлары сан-саққа бөлінген ауыл адамдары мал емес, адамға шабуыл жасауы мүмкін деп айтады. Бұдан оншақты жыл бұрын Индербор кентінде бір қартты қасқыр талап кеткен. Бір ғажабы, бір күнде емес, араға екі-үш күн салған мал өлімінің орын алғанына ауыл адамдары айран-асыр.

- Негізі тұрғындар малына, итіне сақ болуы керек. Бұл туралы бірнеше рет ескерттік те. Малды жабық қораға қамау керек қой. Заң бойынша итті атуға болмайды. Көпшілігі итін көшеге бос жіберіп қояды. Бірақ ит талау фактісі тіркелген жоқ, - дейді Есбол округінің әкімі Абзал РАМАЗАНОВ. - Мал өлімі болғаннан кейін бірнеше рет түнгі кезекшілік ұйымдастырдық. Жыңғыл арасын аралап шығып жатырмыз. Бұл, меніңше, ит емес, қарсақ болуы мүмкін, қалай еткенде жыртқыш аң. Өйткені малды жемейді, тек аяусыз жарақаттап, қанын сорып алады.

...Қазанның 6-сынан 7-сіне қараған түні көрші Елтай ауылының тұрғынының ауласында да үй жануарларына шабуыл жасалып, 6 қойды талап кеткен. Тамақтарын тістеп, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Ал келесі түнде Елтайда 10-нан астам қойды талап кетті. Екі түннің ішінде Елтайда 20 шақты қой қырылды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 қазан 2022, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.