Атырау, 29 қараша 06:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қысқа дайындық: «Құбырлардың 70 пайызы ескірген. Бірақ бұл жылытуға кедергі келтірмейді»

1 344 просмотра

3 қазаннан бастап 412 білім беру нысанының 409-ына, 138 денсаулық сақтау нысанының 8-іне жылу берілді. Көпқабатты тұрғын үйлер 15 қазан күні жылуға қосылуға дайын, деп баяндады коммуналдық қызметкерлер.

Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасының мәліметінше, биыл жылыту маусымына 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. 13 шақырымнан астам жылу желісіне, 800 метр су мен кәріз желісіне, 675 шақырым электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

- «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ кәсіпорынның өз қаражаты есебінен биыл 13,2 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. 44 орталық жылу бекеттерінде орналасқан қондырғыларға жөндеу жұмыстары атқарылды. Магистралды жылу желілеріне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйекте тексеріліп, тығыздығы мен беріктігіне гидравликалық сынақ жүргізілді. Сынақ нәтижесінде жылу желілері алдағы жылу беру маусымына толықтай дайын, - дейді Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр МУКИШЕВ.

Атырау қаласы бойынша 1219 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 1036-сы тұрғын үй орталық жылу жүйесімен жылытылса, 108-і автономды жылыту қазандықтарымен және 75-і пәтерішілік орнатылған жылыту қазандықтарымен жылытылады.

Басқарманың мәліметінше, 50 жыл бұрын жүргізілген жылу құбырларының 70 пайызға жуығы ескірген. Алайда, мамандардың пікірінше, бұл жылыту маусымында кедергі келтірмейді.

- Атырау қаласының тұтынушыларына «АЖЖ» АҚ желілерімен жылу беріледі. Кәсіпорынның теңгерімінде  426,7 шақырым жылу желісі, 2 сорғы стансасы, 38 орталық жылу бекеті бар және 6 орталық жылу бекеті сенімгерлік басқаруда, тағы 10-ы техникалық қызмет көрсетуде. Жылу желісінің тозығы қазіргі кезде 68 пайызды құрайды. АЖЖ  желісі бойынша жөндеу жұмыстары ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүргізіледі. Алайда инвестициялық бағдарламаға байланысты жыл сайын 13-20 шақырымдай жүргізілген жөндеу жұмыстары жылу желісінің тозу деңгейін төмендете алмайды. Себебі ескі жылу желісі 1967 жылдан бері тозығы жеткен желілер. Бұл желілерді толықтай жөндеуден өткізу үшін жыл сайын 70 шақырымдай бөлігін ауыстыруды қажет етеді, - дейді Д.Мукишев.

Оның айтуынша, тозығы жеткен жылу желісін толықтай ауыстыру тарифтің өсу қаупін туындатуы мүмкін. Дегенмен жылу желісінде күні бүгінге апатты жағдай тіркелмеген.

Сонымен қатар,  биыл жылу беру маусымында сапалы жылумен және ыссы сумен қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі тарапынан «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-іне 3 қосымша жылыту қазандығы сатып алынған. Бұл қазандықтар қалаға қараша айында келеді.

Жоспар бойынша көпқатарлы тұрғын үйлерге 15 қазаннан бастап жылу беріледі. Дегенмен тұрғындардан ПИК-ке жылуға қосу жөнінде өтініштер түскен жағдайда белгіленген мерзімнен бұрын беруге мүмкіндік бар. Мәселен, қазіргі кезде көпқатарлы 7 тұрғын үй жылуға қосылған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

8 қазан 2022, 03:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.