Әбиба АБУЖАҚЫНОВА қазақ қыздары арасынан алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері атанды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ә.Абужақынова 6-8 қазан күндері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Ол 48 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін чилилік Мари Ди Варгас Лейменге қарсы шықты. Белдесу өте тартысты өтіп, қосымша уақытта чилилік дзюдошы үшінші ескерту алып, жеңіс жерлесімізге берілді.
- Алғашқы белдесулерін сәтті өткізген Әбиба жартылай финалда жапониялық Нацуми Цунадеге есе жіберді. Осылайша Ә.Абужақынова қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанып отыр, - деді аға жаттықтырушы Миржан Есмағамбетов.
Оның айтуынша, Әбиба болашағынан үміт күттірген талантты спортшы. Ол 2020 жылы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, келесі жылы ел чемпионатының жеңімпазы болды. Халықаралық аренадағы жетістігі де бар. Еуропа Кубогінің күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия Кубогінің жеңімпазы. 2019 жылдан бастап «Жоғары спорт шеберлігі» мектебінің тәрбиеленушісі.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер