Атырау, 29 қараша 06:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Шабындықтан шыққан шу

1 587 просмотра

Құрманғазы ауданы Бірлік округіне қарасты Амангелді ауылының тұрғындары шабындық жердің талан-таражға түсуіне наразы болып, кері қайтарылуын талап етуде. 

- Ауылдың малсыз күні жоқ, оған қажетті азық дайындау үшін шабындық және жайылымдық жерлерді пайдаланып келгенбіз. Ал енді билік басындағылар халыққа ескертпей, хабардар етпей, жерлерді бөлшектеуге айналды. Бұдан кейін қалайша мал өсіріп, жем-шөп дайындаймыз? - дейді «АЖ»-ға хабарласқан жергілікті халық.

Жалпы ауыл халқына бастапқыда Бірлік ауылы округіндегі «Ленивый» және «Үлкен Быстрый» учаскелеріндегі 480 гектар жер 3 жыл мерзімге уақытша өтеусіз мал жайылысы және шабындық ретінде пайдалануға беріледі. Кейін аталған учаскелер аудан әкімінің 2017 жылғы №276 қаулысына сәйкес 5 жылға ұзартылады. Алайда аудан әкімінің 2021 жылғы 22 қазанындағы №295 қаулысымен «Ленивый» учаскесіндегі 20 гектар жер (округ әкімдігіне беру туралы қаулының күші жойылмай) конкурсқа шығарылатын жерлер қатарына енгізіліп, бекітіліп кетеді.

- Сафон ауылының тұрғыны «Ленивый» учаскесі лотының жеңімпазы болып шыға келді. Осы кезге дейін мал азығын емін-еркін дайындап алып жүрген жеріміз көзімізден бұлбұл ұшты, - дейді Амангелді ауылының тұрғындары. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек ҚАЛИЕВ тұрғындардың хатына берген жауабында 20 га жер учаскесі ауылшаруашылығы мақсатында тендер арқылы 10 жыл мерзімге Сафон ауылы тұрғынына берілгенін растайды.

- Біз амалсыз аудан прокуратурасына арыз түсірдік. Прокуратура «Ленивыйдағы» 20 га жер Сафон ауылының кәсіпкеріне заңсыз табысталғанын анықтады, яғни бұл жерді округ әкімдігіне беру қаулысы жойылмаған, конкурсты ұйымдастыру тәртібі бұзылған. Сондай-ақ прокуратура Бірлік ауылдық округі аппаратына тиесілі жерді кері қайтару шараларын алу үшін Атырау облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне және Сафон кәсіпкеріне учаскені беруге қатысты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде аудан әкімдігіне ұсыным бергенін жеткізді, - дейді тұрғындар.

Кейін «АЖ»-ға аудан әкімінің орынбасары Н. Қалиев хабарласып, 20 гектар жерді берудегі заңдылықтар бұзылмағанын, сондықтан оны қайтару мүмкін болмағанын жеткізді. Сонымен шабындықтан шыққан шуға нүкте қойылар емес, ал халық бір шарасы алынар деген үмітте жүр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Амангелді тұрғындары жолдаған сурет

6 қазан 2022, 17:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.