Атырау, 29 қараша 08:47
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Атыраудағы медицина мекемелері ресейлік дәрігерлерді жұмысқа алуға дайын. Бірақ әзірге өтініштер түспеді

833 просмотра

Ресейлік мамандардың келуі біздің еңбек нарығымыз үшін күйзеліс сынағына айналуы мүмкін дейді рекрутерлер.

Қазақстанға орналасу үшін ресейліктер 90 күн ішінде жұмыс табуы керек. Ресми түрде ресімделген еңбек шарты мигрантқа келісім мерзімі біткенше еш кедергісіз біздің елде қалуға мүмкіндік береді, бұл олардың кез келген жұмысқа тез келісім беруіне басты себеп болуы мүмкін.

– Ресейден көші-қонның алғашқы толқынында адамдар негізінен бизнеске қойылған әртүрлі шектеулерге байланысты келді, мысалы, кейбір банктерден SWIFT жүйесінің ажыратылуы, оған логистика, IT, коммуникация және т.б. байланысты болды. Шет елдермен жұмыс істейтін бұл компаниялардың иелері мен басшылары Ресейден тыс жерге кетуге мәжбүр болды. Қазіргі уақытта бізге әр саладан жұмысшылар келіп жатыр, негізінен 20-35 жас аралығындағы жастар. Негізгі бөлігі біз арқылы басқа елге кетуде. Төлқұжат алып үлгермегендер немесе одан әрі кетуге мүмкіндігі жоқтар Атырауда қалуы мүмкін. Олар Қазақстанға келгеннен кейін көші-қон қызметіне хабарлап, 90 күннен кейін не біздің елден кетуі керек, не ресми түрде осында жұмысқа тұруы керек. Олар мұны жылдам жасауы қажет, сондықтан олар алғашқы кезде кез келген шарттармен келісуі мүмкін. Бұл процесс біздің еңбек нарығымыз үшін, дәлірек айтсақ, елеулі бәсекелестікке ие болатын үміткерлер үшін күйзеліс сынағына айналуы мүмкін. Ал жұмыс берушілер үшін бұл - қолайлы шарттармен қажетті маманды алу мүмкіндігі. Жалға берілетін тұрғын үй, қоғамдық тамақтандыру, банк секілді нарықтар үшін шетелдік мамандардың келуі бизнес көлемін үлкейтуге және қызметкерлердің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз, - дейді «FSSA» ЖШС директоры Ермек ЕРЕУЛИЕВ.

Атырауда қызметкерлерге сұраныс жоғары саланың бірі – медицина. Бірақ ресейлік мамандар ұсыныстарды қабылдауға асығар емес.

- Ресей Федерациясынан келгендер мемлекеттік медицина ұйымдарына жұмысқа қабылдау туралы өтінішпен жүгінген жоқ, сәйкесінше бізге олар жұмысқа орналасқан жоқ, - деп жауап берді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дәл осы сұрақпен Атыраудағы жекеменшік медициналық емханаларға хабарласып, олардың әлі бос орындарды келушілермен толтыра алмағанын білдім. Өңірімізде медицина қызметкерлерінің тапшылығы жоғары. Тек белгілі бір сала мамандары ғана емес, тіпті қарапайым терапевт, педиатор, ЖТД, медбике де жетіспейді. Жергілікті медицина қызметкерлерінің көпшілігі бірнеше емханада қатар жұмыс істейді. Дәрігерлерге деген мұндай сұранысқа қуанудың қажеті жоқ, өйткені жүктеменің көптігі ұсынылатын қызмет сапасына әсер етуі мүмкін.

– Бізге келген дәрігерлер жүгінді, бірақ олардың арасында бізге қажет маман жоқ. Оның үстіне нострификацияланған дипломдары жоқ, қажетті сертификаттары жоқ. Ал заң бойынша мұнсыз олар бізде жұмыс істей алмайды», – дейді WESTERN CLINIC басшысы Гауһар ҚУАНОВА.

«Медикер Жайық» ЖШС директоры Ибрагим ҚЫДЫРМАҒАНБЕТОВТІҢ айтуынша, соңғы уақытта шетелдік мамандар оларды жұмысқа алу туралы ұсыныспен жүгінбеген. Алайда емхана эндокринолог, кардиолог және т.б. лауазымға үміткерлерді қарастыруға дайын.

- Бізде бос орындар бар, жақсы дәрігерлерді қуана-қуана жұмысқа аламыз. Бізде шетел азаматтарын жұмысқа алу тәжірибесі жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын Ресейден шақырған дәрігердің отбасы бар, Қазақстан азаматтығын алған, – дейді И.Қыдырмағанбетов.

«Архимедис» емханасы УДЗ дәрігерін, гинекологтарды, жалпы тәжірибелік кезекші дәрігерлерді жұмысқа алуға дайын. Бірақ ресейліктер жұмысқа өтініш білдірмеген.

– Соңғы оқиғалар басталғалы ресейлік дәрігерлер бізге түйіндеме жіберді, бірақ біз олардан әлі сұхбат алған жоқпыз. Кейбір түйіндемелерде көрсетілген телефон нөмірлері өшірулі, біреулері Қазақстанның басқа қаласында, – дейді Атыраудағы «Интертич» өңірлік өкілдігінің директоры Наталья МАНДРОВНАЯ. – Менің түсінуімше, көбі Атырауды транзиттік нүкте ретінде қарастырып, мұнда ұзақ қалуды ойламайды. Ал бізге терапевт, педиатор, УДЗ, ЖТД және т.б. мамандар керек. Біз шетелдік мамандарды шақыру үшін барлық қажетті төлемдерді төлеуге және оларды баспанамен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бізде осындай тәжірибе бар – алыс-жақын шетелден нострификациядан өткен, тиісті сертификаттары бар дәрігерлер біздің емханада бірнеше жылдан бері жұмыс істейді.

Емхана жергілікті дәрігерлерді қуана шақырар еді, оның үстіне, оларға баспананы жалға алып, шетелдік жұмыс күшін тартуға төлеудің қажеті жоқ. Бірақ ондай дәрігерлер жоқ.

Келген мамандарды жұмысқа орналастыру шарттарына келсек, enbek.kz сайтында міндетті түрде тіркелу арқылы еңбек шартын жасау қажет. Бұл жағдайда мұндай азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің уақытша болу мерзімі Ресей азаматының Қазақстан аумағында жұмыс берушімен немесе жұмысқа тапсырыс берушімен жасасқан еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартының қолданыс мерзімімен шектелетін болады.

Еңбек шартын жасау үшін ЖСН алу қажет, оны ХҚКО-да алуға болады. ХҚКО-да төлқұжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесін, дипломның көшірмесін (негізгі және ординатура немесе интернатураның) қосымшасымен (қосымшасы міндетті түрде қажет, онсыз құжаттар қабылданбайды), нострификацияға өтініш пен баж салығын төлегені туралы түбіртекті ұсыну қажет. Ординатура бітіргені туралы дипломы жоқтарға (2013 жылға дейін РФ-да диплом берілмеген) ординатураны аяқтағаны туралы нотариалды куәландырылған куәлік және өткен оқу пәндерінің саны мен оқу сағаттары туралы ЖОО-дан көк мөр соғылған мұрағат анықтамасы қажет.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 қазан 2022, 12:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.