Атырау, 26 сәуір 19:24
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Алла Пугачева: Малай болған еді, құлға айналды

1 620 просмотра

Украинадағы соғысқа қарсы пікір айтып жүрген ресейлік әнші Алла Пугачеваның Инстаграмдағы жаңа жазбасы орыс қоғамында тағы қызу реакция туғызды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"Мені өзім ылғи әрең төзетін адамдардың жек көретіні қандай бақыт. Егер мен оларға ұнаған болсам, онда босқа ән айтып, босқа өмір сүрген болар едім. Себебі айқын. Тістерін қайрай берсін. Малай болған еді, құлға айналды" деп жазды Пугачева 4 қазанда.

Әнші нақты кімді айтып отырғанын нақтыламады. Бірақ мәселе Пугачеваны соғысқа қарсы пікірі үшін сынағандар жайлы болып отырған сияқты.

Қыркүйек ортасында Пугачева әлеуметтік желіде пост жариялап, Ресей билігінен өзін "шетел агенттері" тізіміне енгізуді сұраған. Әнші осылайша алғаш рет Ресейдің Украинаға басып кіруіне ашық қарсылық танытып, соғысқа қарсы шыққан күйеуі, Ресейде "шетел агенті" танылған әртіс Максим Галкинді қолдаған.

"Мен күйеуімді қолдаймын, адал, парасатты, шыншыл, Ресейдің нағыз, ешкімге сатылмайтын патриоты, отанына тек игілік, бейбіт өмір мен сөз еркіндігін тілейтін күйеуіммен біргемін" деп жазған Пугачева Ресей әділет министрлігіне бағыттаған жазбасында.

Жуырда ақпарат құралдары Алла Пугачеваның балаларымен бірге Израильге ұшып кеткенін жазған. Қазір ол жақта әншінің күйеуі Максим Галкин тұрып жатыр. Ерлі-зайыптының Ресейдегі мүлкін саудаға қойып жатқаны жайлы да хабар тарады. Бірақ ақпарат әзірге расталған жоқ. Пугачева да, Галкин де ақпаратқа түсініктеме бермеген.

5 қазан 2022, 14:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.