Атырауда жыл басынан бері пәтерді заңсыз жалға берген 44 азамат анықталды. Олар пайда тауып, салық төлемеген.
Бұл туралы Кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдердің басқарма басшысы Нұрболат САРМАНОВ мәлім етті.
- Егер пәтер иесі жалға беру кезінде жылдық табысы 720 мың теңгеден аспаса, онда ол дара кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Жеке тұлға салық органдарына тіркелмесе де, олардың кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы бар, бірақ бұл ретте тұлға жылдық табыстан 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын төлейді, - деді Н.Сарманов. Биыл 4299 салық төлеуші тұрғын үйді жалға беруші қызметімен тіркелген.
Айта кетейік, Салық кодексінің 774-бабына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады. Мұндай тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, 3 млн 599 мың 025 теңгеден аспайтын жылдық табыс ала алады.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ