Қалмақияның жоғарғы ламасы Тэло Тулку Ринпоче (Эрдни Омбадыков) Украинадағы соғысты айыптап, әділдік Украина жағында екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Бұл - Ресей аймақтарындағы діни жетекшілердің соғысты алғаш рет сынағаны деп жазады "Кавказ.Реалии".
Лама соғысты "зор қасірет" деп атаған. "Әрине, шындық Украина жағында. Украина өз елі мен жерін, өз конституциясын, өз халқын қорғап жатыр. Шындық Ресей жағында деу өте қиын. Мен мұндай сөзді айта алмаймын", — дейді лама "Алхимия души" youTube-арнасының эфирінде.
Тэло Тулку Ринпоче бұрын Украинадағы соғыс туралы ашық пікір білдірмегенін, "билік пен буддистердің қарым-қатынасын бұзғысы келмегенін" айтқан. Маусымның ортасынан бастап соғысқа қарсы мәлімдеме жасай бастаған, бірақ нақты Украинадағы соғысты атамаған.
Қазір лама Монғолияда жүр. АҚШ баскетболшысы Бриттни Грайнер қамауға алынған соң ол да Ресейден кетіп қалған. АҚШ азаматы болған соң Ресейде қалуға қауіптенгенін айтқан. 1992 жылдан Қалмақияның жоғарғы ламасы болып жүрген Тэло Тулку Ринпоче 2022 жылы Ресей азаматтығын алғысы келген.
- 2022 жылдың мамырында Ресейдегі дәстүрлі діни конфессиялар: православие, ислам, буддизм мен иудаизм Украинаға жасалған агрессияны қолдаған. Олар Украина қарулы күштері мен ерікті құрылымдарын меңзеп "неонацистік, террористік, діни-экстремистік күштермен күресіп жүргендегі дұғамен қолдауға" шақырған.