85-театр маусымының ашылуы алдында академиялық қазақ драма театры ұжымы баспасөз конференциясын өткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Одан кейін Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша «Жәмила» спектаклі қойылды.
- Маусымашарға бұл драманы таңдауымыз жәй сәйкестік емес. Себебі ол бүгінгі таңдағы өткір тақырып - соғыс туралы. Драмада соғыс жылдары жарынан айырылған әйел адамның образы сомдалады. Театр болғандықтан қоғамның ішкі сұранысын қанағаттындыру бізге міндет, - дейді театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссер, Мұқанғали ТОМАНОВ.
Жәмиланың енесін атақты «Әдемі-ау» әнінің дүниеге келуіне себепші болған, бүгінде 83 жасқа келген театрдың атақты актрисасы, Қарақалпақ АССР-нің Халық әртісі Әдемі СИСЕКЕНОВА ойнады. «Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді» деп басталатын атақты әнді Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, сөзін Бәкір ТӘЖІБАЕВ жазған болатын.
Томановтың сөзінше, жаңа маусымда ересектерге және балаларға арналған бірнеше премьералар жоспарланған.
- Қараша айында Рахымжан Отарбаев атындағы төртінші республикалық театр фестивалі өтеді деп жоспарлануда. Оған біздің театр «Сұлтан Бейбарыс» қойылымымен қатысады. Бұдан бөлек, театр ұжымы Максим Горькийдің «Түбінде» повесі мен Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін сахналап, ежелгі грек драматургі Софоклдың «Антигона» туындысын көрерменге ұсынбақшы. Сонымен қатар, балаларға арналған «Қаңбақ шал», «Ақшақар және жеті гном» премьераларын қою жоспарда бар, - дейді Томанов.
Өз кезегінде театрдың бас суретшісі Темірбек МҰХТАРОВ бүгінде театр репертуарында 50 ге жуық қойылым барын жеткізді.
- Қала маңындағы округ тұрғындары кешкі 19:00 басталатын қойылымға жұмыстан шыққаннан кейін үлгере алмайтынын айтады. Спектакльдерді ауылдық мәдениет үйлеріне қоюға мүмкіндік бар ма?
- Бұған дейін қала маңындағы ауыл клубтарына жиі баратынбыз, пандемиядан кейін ауылдарға бару аздап сиреп қалды. Алдағы уақытта сол үрдісті жандандырамыз деген ойдамыз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор