Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ Азғыр өңіріне жасаған жұмыс сапарынан кейін жергілікті жердегі кейбір мәселелерді шешуде ілгерілеушілік байқалуда.
- Азғыр өңіріндегі ең өзекті мәселе - отандық энергия көзіне қосу болып табылады. Қазір «Ганюшкин-Асан» ВЛ-110 квт жоғары кернеулі әуе желісін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Ал жаздағы қатты желдің салдарынан Балқұдық орта мектебінің төбе шатыры бүлінген болатын. Оны «ҚұрманғазыСтройГрупп» ЖШС тез аяқтауға күш салуда, -дейді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат МУСИН.
Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе - жол жайы. Облыстық маңызы бар жол санатындағы «Жетінші разьезд-Асан-Балқұдық-Сүйіндік» автомобиль жолының 0-36 шақырымына орташа жөндеуге 2020 жылы жоба жасақталып, мердігер мекеме анықталған. Тапсырыс беруші - облыстық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Сүйіндік, Балқұдық, Асан ауылдарына ауылішілік және жаяу жүргінші жолдарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Асан, Үштаған елді мекендерін интернет желісімен қамтамасыз етуге мачталық антенна құрылысын салу үшін 29 млн теңге бөлініп, «ГруппСервис» мекемесі қазан айына дейін бітіруге күш салуда.
Аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Марат ХАСАНОВТЫҢ айтуынша өңірде медициналық қызмет көрсету, мәдениет және спортты дамыту бойынша 2023-2025 жылдарға даму жоспарында атқарылар игі шаралар көп. Балқұдық, Сүйіндік ауылдарына медициналық жаңа ғимарат салуға жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Асан ауылына 100 орындық Мәдениет үйін салу үшін аудандық мәслихаттың сессиясында жобалық-сметалық құжатын жасақтауға қаржы бөлінген. Сонымен бірге, даму жоспарында Батырбек, Егінқұдық, Қоңыртерек, Жалғызапан елді мекендеріне медпункт салу бар. Сүйіндік ауылына спорт кешені, ал Құрманғазы ауданының 30 елді мекеніне ойын алаңдарын салу жоспарда тұр. Оның ішінде, Сүйіндік, Жалғызапан, Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған елді мекендеріне балалар ойын алаңдары салынатын болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор