Донецк облысындағы ресейшіл сепаратистердің қарулы күштері аймаққа мобилизацияланған Ресей азаматтарының алғашқы легі жеткенін хабарлады. Мобилизация 21 қыркүйекте жарияланғандықтан ресейліктер армияға алынғаннан кейін кемінде бір жарым аптадан соң соғыс аймағына жеткізіліп отыр, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Сепаратистер хабарламасын Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі жариялады. Жаңалықта ресейліктердің "қарқынды әскери дайындыққа" көшкені жазылған. Бұған дейін Украина бас штабы мобилизацияланған әскери дайындығы нашар ресейліктер Лиман қаласы маңында соғысып жатқанын хабарлаған.
Соғыс кезінде тәуелсіз дереккөздерді табу қиын болғандықтан ақпараттарды тексеру қиын.
29 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мобилизацияланған азаматтарды қосымша әскери дайындықтан өткізуді талап еткен. Әзірге Донецк облысына жеткізілген әскерилер жайлы толық ақпарат жоқ. Бұған дейін әскери комиссариаттардың бұрын-соңды әскери дайындықтан өтпеген тәжірибесіз адамдарды да соғысқа алып жатқаны жайлы хабар тараған.
Украинаның Донецк облысында көктемде жоғалтқан жерлерін қайтаруға тырысқан украин армиясы контршабуылдарды сәтті жүргізіп келеді. Ресейдегі дереккөздер орыс жағында жауынгерлер жетіспей жатқандығын хабарлаған.