Атырау, 29 қараша 09:55
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Хабарлама алсаңыз, сізді үйден шығарады

Сурет
1 762 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы бір топ дәрігер қызметтік үйден қуылып жатқандығына байланысты дабыл көтерді. «АЖ» тілшісіне хабарласақан ақхалаттылар аудандық әкімдік ҚР «Тұрғын үй қатынастары» Заңының талаптарын өрескел бұзды деп отыр.

2016 жылы Құлсары қаласында Ұ. Абрахманов көшесінде жаңа үйлер пайдалануға берілген болатын. Жаңа пәтерге көшушілердің ішінде аудандық ауруханада жұмыс жасайтын оншақты дәрігер де бар еді. Олардың айтуынша, оларға берілген баспана бастапқыда жекеменшікке, одан кейін жалға беріледі деп айтылған, кейін қызметтік пәтерге айналдырылған.

- 2016 жылы еңбегіміздің бағаланып жатқанына қуанып қалдық. Жалпы осы салада жұмыс жасағаныма 33 жыл болыпты. Зейнетке шықсам да, кадр жетіспеушілігінен жұмыстан қалғаным жоқ. Бүгінде жанұялық дәрігер болып жұмыс жасаймын. Жеті жыл бойы екі баламмен пәтерден пәтерге көшіп, жалдап жүрдім. 2016 жылы әкімшіліктен дәрігерлерге пәтер беріліп, ай сайын 17600 теңге жалдау құнын төлеп тұрдым. Бұл төлемді үш жыл бойына, яғни 2019 жылға дейін төледім, сөйтсем бұлайша төлем жасау заңдылыққа сәйкес келмейді екен. Кейбір әріптестерім  соттасып, ол төлемдерді қайтарып алды. Баспанаға өзімше жөндеу жүргізіп, қымбат есіктер қондырып, түсқағаздар жапсырып, еденін ауыстырып алған болатынмын. 2019 жылы бұл пәтер жалға емес, қызметтік пәтер болып есептеледі, деп аудандық ТКШ-мен келісім шартқа отырдық. Маған тек коммунальдық төлемдерді төлеп тұрсаңдар болды деді. Енді келіп, үйді босатыңдар деп жатыр, ал мен сонда қайда барамын? Әкімшілікке барып, жөндеп қойдым десем, есіктерін бұзып ал деді, - дейді Гулзипа ҚАЛИЕВА.

- Мен осы Құлсарыда ұзақ жылдан дәрігер болып еңбек етіп келемін. Зейнеткерлік жасқа жетуіме әлі алты жыл бар. Жолдасым қайтыс болған, балаларым бар. Күні бүгінде учаскелік жалпы дәрігермін, - дейді Валентина КАЮПОВА. - 2016 жылы сіздерге үй береміз деді, орналастық. Енді үй құжатын сұрап барғанымызда, ол жалға берілетін пәтер, ақшасын төлеп тұрасыңдар деді, оған келістік. Жалға берулері дұрыс болмай, ақырында жалға төлеген үш жылдық ақшамды кері қайтарып алдым. Енді үй қызметтік болып өзгеріп, 2021 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін аудандық ТКШ-мен келісімшартқа отырдық. Енді келіп үйді босатыңдар дейді. Бұлары дұрыс па?

- Пәтерді босату жөнінде құжатқа қол қой деп, аудандық ТКШ  мамандары келді. Айтуларынша, жаңа мамандар келмекші, соларға баспана керек-мыс. Сонда еңбек өтілі мол, тәжірбиесі жеткілікті мамандар керек емес пе? - дейді 49 жастағы дерматолог-дәрігер Лаура КАНИЕВА.

- Менің төрт балам бар, жолдасым мен екеуміздің атында үй болған емес. Жасым 33-те, қазір баламен декреттік демалыстамын. 2016 жылы бірталай дәрігермен бірге жас маман ретінде маған да пәтер берілді. Бірақ оның жыры көп болды, жалға деді, қызметтік пәтерге кейін ауыстырды. Бірақ 2016 жылдан бастап тұрған үй кезегінен неге екенін білмеймін, 2020 жылы алып тастады, - дейді гинеколог Салтанат ШАМШЕНОВА. - Жақында ТКШ мамандары келген, олар арасында тексеріп тұратын, сол себептен ол келулеріне мән бермеппін. Келген екі адам маған мына құжатқа қол қоясың деді. Мен балам жылап мазасы кете бастағасын, ол құжатты оқымай, қол қоя салдым. Олар кеткесін хабарламаны оқысам ҚР Тұрғын үй кодекснің 107-бабын алға тартып,  бір айдың ішінде баспананы босатуыңыз сұралады делініпті. Ал ол бапты ашып қарасам тұрғын үйді бүлдірсе, басқа үй сатып алса, көршілердің мазасын алған жағдайда ғана пәтерден шығарылады екенмін. Шындығында мұндай жағдайлар біздің тарапымыздан болған емес. Енді төрт баламен қайда барамын. Жуырда баламды балабақшаға орналастырып, жұмысқа шығамын деп отыр едім. Ал қыс болса келіп қалды, не ойлап жүр әкімшілік?

Осыған орай Жылыой ауданы әкімдігі мынадай баспасөз хабарламасын таратты: «Жылыой ауданы әкімінің Құлсары қаласында тұрғындармен кездесуі кезінде Ө.Әбдірахманов көшесінің тұрғындарынан дәрігерлер мен мұғалімдерге берілген қызметтік пәтерлер үшінші тұлғаларға жалға беріліп жатқаны туралы арыз-шағымдар түсті. Осыған байланысты ауданәкімі Жұмабек Қаражанов баланста ұстаушы – аудандық ТКШ бөліміне тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру нәтижесінде қызметтік пәтер берілген екі дәрігердің онда тұрмайтыны, оны үшінші тұлғаларға жалға бергені белгілі болды.

Қалыптасқан ахуалға орай, аудан әкімінің орынбасары Әнуар ШӘКІРОВ пен аудандық ТКШ бөлімінің мамандары медицина қызметкерлерімен жиналыс өткізді. Дәрігерлердің айтуынша аудандық ТКШ маманы хабарлама мәтіні дұрыс жазылмағанын, егер заңдылығы бұзылмаса қызметтік пәтерде дәрігерлердің қала беретінін жеткізген.

- Аудандық ТКШ бөлімі бір дәрігерді пәтерден шығару жөнінде сотқа арыз түсірген болатын. Бірақ 29 қыркүйекте болатын онлайн сот процесі кейінге қалдырылыпты. Аудандық ТКШ арызын қайтып алыпты деп естіп отырмыз. Біз,16 дәрігер аудандық прокуратураға арыз түсіргенбіз, 15 күннің ішінде жауабы болады, - дейді дәрігерлер.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Салтанат Шамшенова түсірген видео, суреттер автордікі

30 қыркүйек 2022, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.