Атырау, 24 қараша 07:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Путин Херсон және Запорожье облыстарының "тәуелсіздігі" туралы жарлыққа қол қойды

1 067 просмотра

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Херсон және Запорожье облыстарының "тәуелсіздігі мен егемендігін мойындау" туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Бұл аймақтардың басым бөлігін Ресей әскері басып алған. Жұма күні Путин Украинаның аталған аймақтарын Ресейге қосу туралы құжаттарға қол қояды деп айтылады. Оларды Ресейге қосу үшін Ресей заңы бойынша әуелі оларды тәуелсіз мемлекет ретінде тану қажет. 2014 жылы Қырым да дәл осылай рәсімделген.

Украина, Батыс және әлемнің көптеген елдері аннексияны мойындамайтынын және Херсон мен Запорожье, Донецк мен Луганск облыстарын бұрынғыша Украина аумағы ретінде санайтынын мәлімдеді.

Жарлықта Путин "халықаралық құқық принциптері" ұғымына және 23-27 қыркүйекте Украинаның жаулап алған аумағында өткізген псевдореферендум нәтижесіне сүйенеді.

2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін Херсон және Запорожье облыстарының басым бөлігі Ресей әскерінің бақылауына өткен. Әлем елдері Ресей басқыншылығын айыптап, Мәскеуге санкция салды.

30 қыркүйекте Кремльде Путин депутаттар мен федерация кеңесі мүшелері алдында сөйлейді. Бұдан соң Украинаның төрт облысы - Херсон, Запорожье, Луганск және Донецк облыстарын Ресейге қосу туралы келісімге қол қою рәсімі өтуі тиіс. "ЛХР" мен "ДХР"-дың "тәуелсіздігін" Путин бұған дейін таныған.

Ресми түрде аннексия процесі келесі аптада аяқталады деп айтылады. Украина аталған аумақтарды азат ету үшін күресетінін мәлімдеді.

30 қыркүйек 2022, 11:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.