Аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВ жұмыс сапарымен Махамбет ауданына барып, Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен ол жұмыс сапарын Жалғансай ауылындағы су тазарту қондырғысына барды. Қондырғы Таңдай және Жалғансай ауылдарын таза сумен қамтиды, тәулігіне 1150 текше метр су айдайды. Бүгінде бұл жеткіліксіз және қосымша су сүзетін және тұндыратын қондырғы қоюды қажет етеді.
Кейін Серік Шәпкенов Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Облыс әкімі округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Қазіргі таңда Жалғансай ауылдық округінде ауылішілік жолды салу мәселесі өзекті болып отыр. - Ауылға кіргеннен бастап ұзын тас жол бар, басқа асфальт жоқ. Ауыл тұрғындарын көптен толғандырып жүрген мәселені шешу үшін бүгінде Жалғансай ауылдық округіне ауылішілік жол салу үшін ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, мердігер мекеме анықталды. Бюджеттен 1 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылысқа қажетті материалдар сатып алынуда, - деді С. Шәпкенов.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз сумен қамту, балалар ойын алаңын салу, интернет желісін жүргізу сынды мәселелерді талқыға салып, электр жарығының жиі сөнетініне шағымданды.
Жалғансай ауылдық округінде 1 248 тұрғын бар. Мұнда емхана, мектеп, балабақша, полиция бөлімшесі жұмыс жасайды. Облыс әкімінің Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Махамбет ауданы әкімдігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер