29 қыркүйекте Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Индер ауданындағы Көктоғай ауылының тұрғындарымен кездесті. Сапар барысында тұрғын үй, субсидиялар, электр энергиясы, мал жайылымдары мен балабақшалар салу және т.б. мәселелер қозғалды.
Көктоғайда 2454 адам тұрады, бір емхана және Б.Нысанбаев атындағы жалғыз мектеп бар. Облыс әкімі сапарын осы мектептен бастады. 454 орынға есептелген білім ошағында 500-ден астам бала білім алуда және мектепке қосымша жапсаржай өте қажет.
- Бізде балаларды оқыту үшін кабинет жетіспейді. 18 кабинетте 1-11 сынып аралығындағы 577 оқушы білім алады. Бұдан басқа, ауылдағы бір балабақшада 40 тәрбиеленуші бар. Тағы 62 бала мектепалды даярлық тобында оқиды. Мектепалды даярлық тәрбиесімен айналысу үшін дәлізді пластикпен бөліп, кабинет жасақтап, екі ауысымда оқытудамыз, - деді мектеп директоры Анар ҮМБЕТ.
Әрі қарай Серік Шәпкенов осы ауылда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Жұмыстарды «SCS Инжиниринг» ЖШС «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 2021 жылдың шілде айында бастады. Мердігер нысанды осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруге міндеттелді, бірақ жұмыс қарқынына қарағанда, оған үлгере алмайды.
- Заң бәріне ортақ. Қазір сапасыз құрылыс жүргізгені үшін мемлекеттік қызметкермен қоса мердігер мекеме де, техникалық бақылаушы да жазаға тартылады. Спорт кешенінің іргетасы қаланған кезде мұндай кемшілікке жол бермей, уақытылы қадағалап, құжат бойынша жұмыс жасау керек еді. Бұл халыққа керек нысан. Сондықтан аудандық құрылыс бөлімі өз бақылауыңызға алып, нақты шарасын қабылдаңыздар. Егер уақытында тапсырылмаса, заң бойынша жауапқа тартылуы керек, - деді Серік Шәпкенов.
Сапар барысында өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Ал тұрғындардың айтары көп екен.
- Сіздермен кездесуге келе жатып, ауыл ортасындағы бос жерді байқадым. Ол жерге қоқыс жинала бастапты. Ауылымызды таза ұстап, көркейткеніміз абзал. Аудан әкімі сол алаңды тазалап, орнына балалар ойын алаңын салуды ұсынды. Мемлекет басшысы балалардың болашағы үшін жағдай жасауды әрдайым баса айтып, нақты тапсырмалар берді. Құрылыс барысында ауыл тұрғындары тарапынан қоғамдық бақылауды күшейтсеңіздер. Себебі ел игілігі үшін бөлінген бюджеттің әр тиыны мақсатты жұмсалуы тиіс, - деді Серік Шәпкенов.
Жиында тұрғындар баспанамен қамту, субсидия алу, электр жарығы, жайылымдық жерлер, балабақша салу сынды мәселелерді көтерді. Өңір басшысы көктоғайлықтар көтерген мәселелер маңыздылығына қарай заң аясында шешілетінін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Еске салсақ, облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Индер ауданы әкімдігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА