Атырау, 26 сәуір 10:17
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Халық жазушысының құрметіне арналған жыр кеші

Сурет
1 222 просмотра

29 қыркүйекте М. Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрында ұлт намысының қайрағына айналған қайсар ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Мұхтар ШАХАНОВТЫҢ 80 жасқа толуына орай «Ғасырдың ғаламат ақыны» атты поэзия кеші өтті, деп хабарлайды облыс әкімнің баспасөз қызметі. Шығармашылық кешке мерейтой иесі де қатысты.

Мұхтар Шахановты Нарынның даңқты ұлы, алдаспан ақын Махамбетке деген іңкәрлігі мен ару Жайыққа арнаған саф туындылары Атыраудың өз ұлына айналдырып жіберді. Айтулы шара ақынның шоқтығы биік мұраларынан құралған «Сәлем, ұлы Жайығым» атты театрландырылған прологымен ашылды. Кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов мерейтой иесін құттықтап, берекелі ғұмыр мен шығармашылық шабыт тіледі.

- Біз бүгін жырларын бүкіл Қазақстан жатқа оқыған ақын, әндерін тұтас ел болып шырқаған композитор, қазақ тілінің қамы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп күрескен қайраткер – Мұхтар Шахановпен кездесіп отырмыз. Мұхитқа құятын өзен секілді табиғат сыйға берген бар талантын, азаматтық асыл қасиетін жоғары бағалап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «Бұл кісі өте адал, шыншыл, ұлтжанды адам. Мен Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек ері атағын беру туралы жарлыққа қол қойдым», – деп өте жоғары баға берді. Бұдан артық қандай баға беруге болады? Бүгінгінің батыры қандай болады десек, сол сөздерде анықтамасы тұр емес пе?! - деді Серік Шәпкенов.

Салтанатты шарада ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылып, М.Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театры әртістерінің көрінісіне ұласты.

Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жолдады

29 қыркүйек 2022, 20:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.