Атыраудағы еңбек нарығы ресейлік мигранттардың келуімен жандады. Қаламыз мобилизациядан қашып келген Ресей Федерациясының азаматтары үшін транзиттік қала саналғанымен, жергілікті медициналық мекемелер, оқу орталықтары, IT-компаниялар және басқа да бағыттағы фирмалар тіркеуге және жақсы жалақы төлеуге уәде етіп, мамандарды алып қалуға тырысуда.
Жақында ашылған Telegram тобында «Атырау. Ресей азаматтарына көмек» акциясына 6 мыңға жуық қатысушы бар. Кейбір жергілікті тұрғындар мейірімділік танытып, тегін уақытша баспана, азық-түлік, бензин, жүргізуші қызметтерін, дәрі-дәрмек, қаланы бағдарлау, заңгерлік кеңестер мен жұмыс орындарын ұсынуда.
Кадр қызметкерлері де жанданды. Олардың жарнамаларына сүйенсек, Атырауда орыс тілінде оқытатын мұғалімдер мен түрлі мамандықтағы дәрігерлер тапшы. Сонымен қатар аспаз, бармен, тігінші, күтуші-көмекшілер, бала күтуші, гүл өсіруші, тазалаушы және дүкен меңгерушілері қажет. Бұдан басқа IT мамандарын, хореографтарды, шина құрастырушыларды, сұлулық шеберлерін, даяшыларды, тіпті мұнай-химия және мұнай өңдеу саласының инженерлерін іздейді.
Telegram желісіндегі «Медиктердің Қазақстанға релокациясы» деп аталатын жеке топта 3 мыңға жуық қатысушы бар, олардың бәрі не Ресейден, не Қазақстаннан. Топта екі тарап түйіндеме мен бос жұмыс орындарын жариялайды. Мұнда әртүрлі қаланың өкілдері бар, ал Атырауға келетін болсақ, жергілікті жеке және мемлекеттік ауруханалардың бәрі дерлік ұжымға ресейлік дипломы бар дәрігерлерді шақыру мүмкіндігін пайдаланып қалды: педиатор, медбике, анестезиолог, лаборант, терапевт, стоматолог-ассистент, фельдшер, эндокринолог, невролог, аллерголог және басқа да көптеген сала мамандарын іздейді.
Кейбір медицина мекемелері жұмысқа орналасудан бөлек, баспанамен, тіпті қажет болса, азық-түлікпен де қамтуға уәде береді. Қойылатын шарттардың бірі – шетелдік төлқұжаты, дипломы мен оның көшірмесі болуы керек. Сондай-ақ нострификациядан (білім туралы құжаттарды тану тәртібі) және аккредитациядан өтуі міндетті.
Ресейлік дәрігерлердің өзі Астанадан немесе Алматыдан жұмыс табуға тырысады, бірақ басқа қаладан да ұсыныс қабылдайды. Оларды толғандыратын басты мәселелердің бірі – Қазақстанда тұруға болатын 90 күн мерзімі өткенше оларды маман ретінде тану үшін барлық қажетті процедуралардан өтіп үлгеріп, алғашқы жалақыларын алу.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА