Атырау, 29 қараша 09:56
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жас шахматшы Зарина: «Ересектер арасында әлем чемпионы болсам деймін»

1 213 просмотра

Небәрі 13 жастағы атыраулық Зарина НҰРҒАЛИЕВА шахматтан екі дүркін Әлем чемпионы және рапид (жылдам шахмат) бойынша екі дүркін Азия чемпионы атанды. Қазан айында Индонезияда өтетін Азия чемпионатына классикалық шахмат түрі бойынша ел намысын қорғамақ.

«AЖ» тілшісі Заринаның жаттықтырушысы Жәнібек АМАНОВПЕН бірге тілдескен еді.

- Қыркүйекте Румыния елінде классикалық шахмат бойынша өткен әлем чемпионатына 72 елден жиналған 96 шахматшы қатысты. Зарина қалай чемпион атанды?

- 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты әлем чемпионаты өтпеген соң, бұл әлем шахматшылары үшін көптен күткен жарыс болды. Бәрі мықты дайындықпен келген. Осы жарыста Зарина 11 қарсыласпен ойнады. Ең шешуші 11-ойын 5 сағатқа созылып, өте қиын болды. Өйткені қарсыласы Европа чемпионы ресейлік Александра Шведова еді. Осы ойында Зарина жарты ұпай айырмашылықпен жеңіске жетті. Сондай-ақ Алматы және Астана қаласынан барған екі шахматшы күміс және қола жүлдеге ие болды. Зарина алған алтынның нәтижесінде Қазақстан жалпы командалық есепте 2-орын алды. Бұл тарихта болмаған жағдай.

- Заринада қандай басымдық болды?

- Классикалық шахмат болған бір партия үшін екі ойыншыға 1,5 сағаттан 3 сағат уақыт берілді. Берілген уақытта екеуі де ұзақ ойланып, сақ жүріп, уақытында аяқтамады. 3 сағат уақыт өткен соң әр ойыншының ойланып жүріс жасауына 30 секундттан шектеулі уақыт берілді. Егер ойыншы осы 30 секунд ішінде жүріс жасамаса, жеңіледі. Осылайша әр жүрістен кейін 30 секунд қосылып отырады. Осы кезде Зарина басымдық алып, жеңіл ойнай бастады. Себебі Заринаның тез ойлау қабілеті жақсы дамыған және шахматтың шапшаң түрінен екі дүркін Азия чемпионы.

- Әлем чемпионатына қалай дайындалдыңыздар?

- Қазір ғаламторда әлемдік жарыстарға шығатын шахматшылардың базасы бар. Сол жерден мықты деген қарсыластардың бұған дейінгі ойындарын қарап, олар туралы зерттейміз. Сөйтіп олардың осал тұстарына қарай дайындаламыз. Дегенмен ойыншы келесі ойынға басқаша дайындалып, қарсыласына тосын сый жасауға тырысады. Әлем чемпионатында қарсыластардың көбінің ойыны Заринаға таныс болды.

- Қазан айындағы Азия чемпионатына дайындық қалай?

- Биыл классикалық шахматтан Азия чемпионаты Индонезияның Бали қаласында өтеді. Зарина бұған дейінгі Азия чемпионатында шахматтың блиц және рапид түрінен Азия чемпионы болды. Енді классикалық шахматтан Азия чемпионы болуға бар күшімізді салып дайындалудамыз.

- Алыс елдерге жарысқа баруға жол шығыны қалай қаржыландырылады?

- Шетелге шығу шығынын Қазақстан шахмат федерациясы төлейді. Ал жаттықтырушысына жергілікті облыстық спорт басқармасы қарастырады. Соңғы әлем чемпионатына баруға қала әкімі мен демеушілер көмек көрсетті. Дайындық барысында көптеген кітаптарды сатып алып, интернеттен ақылы сабақтарды көруге де қаражат қажет болады.

- Бір кездері Атырау облысының шахматтан бас бапкері Сабырбай ГАЙСИН атыраулық шахматшыларды шыңдау үшін әлемдік деңгейдегі жаттықтырушыларды тарту қажеттігін айтқан еді. Бұл мәселе әлі өзекті ме?

- Әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылардан кеңес алып, олармен дайындалудың өзі үлкен нәтиже берер еді. Алайда олар аз қаражат сұрамайды. Бұл мәселе жақында Заринаның жеңісінен кейін облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ қабылдаған кезде айтылды. Аймақ басшысы қолдауға дайын екенін және Азия чемпионатына бару шығынын жергілікті бюджет қаржыландыратынын жеткізді.

- Жарысқа дайындалуға күніне қанша уақыт жұмсалады, сабақ үлгеріміне кедергі келтірмей ме?

Сұраққа Заринаның өзі жауап берді.

- Дайындыққа күніне 4-5 сағат жұмсаймын. Бұл сабақ үлгеріміме кедергі келтірмейді. Бастысы уақытты дұрыс пайдалану.

- Болашақтағы мақсатың қандай? Шахматшы боласың ба?

- Кішкентай кезімнен шахматты ұнатып, 6 жасымнан бастап айналысып келемін. Болашақтағы мақсатым - шахматтың шыңына жетіп, ересектер арасында әлем чемпионы болсам деймін.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

29 қыркүйек 2022, 11:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.