Соңғы күндері қала тұрғындары тарапынан Нұрсаядағы Халыққа қызмет көрсету орталығында Ресейден келгендер кезек санын көбейтуде деген наразылық айтылуда. «АЖ» тілшісі Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жағдаймен танысып қайтқан еді.
Мен барған сағат 16:00 шамасында ХҚКО ның күту залында 3-4 адам тұрды. Оның өзі қазақстандықтар.
Біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Мұса ХАЙРУЛЛИЕВКЕ жолыққан едік. Оның мәліметінше, дүйсенбі күні ХҚКО-на уақытша ЖСН алу қызметін алуға 809 Ресей азаматы жүгінген. Сейсенбі күні түске дейін тағы 533 ресейлік азамат осындай қызмет алған.
- Шетелден келген азаматтар жергілікті тұрғындарға кедергі келтірмес үшін бүгін Промзона, 69 мекенжайынан (автоЦон) ресейліктерге арнап 20 терезе ашуға шешім қабылдадым. Ол жерде бұрын 5 терезе шетелдік азаматтарға (негізінен Өзбекстан азаматтарына) қызмет көрсетсе, бүгіннен бастап қосымша 20 терезе арнайы ресейліктер үшін жұмыс жасауда. Түсқайта осы жерге келіп қалған 50-ден аса Ресей азаматының «Автопарк» ЖШС автобустарымен автоцонға жетуіне мүмкіндік жасап, өзім іліесіп барып, жағдаймен танысып қайттым. Бірер сағатта кезек саны бірден жойылды, - дейді Мұса Хайруллиев.
Хайруллиевтың айтуынша, ресейліктерге қызмет көрсететін мамандар іссапар қаржысы төленіп, аудандағы филиалдардан шақырылған.
- ХҚКО шетелден келген азаматтарға тек уақытша ЖСН беру қызметін көрсетеді. Бұл қызмет уақыты 2-3 минуттан аспайды. Ал жергілікті азаматтарға көрсетілетін кейбір қызметтер 20 минутқа дейін созылып кетеді. Соның салдарынан ажиотаж туындады, -деді Хайруллиев.
Қазіргі кезде Промзона, 69 мекенжайында да (автоЦон) кезек жоқ. Оны бейнекамера арқылы көрдік. Ал вокзалға келген ресейліктердің қателесіп, ХҚКО-на келмесі үшін арнайы хабарландыру әзірленуде.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Суреттерді түсірген автор