Құлсары қаласын қаңғыбас ит-мысықтар жайлап кеткен. Иесі болса да көше кезіп жүргендері де жетерлік.
- Босып жүр, иесі бар ма, жоқ па, белгісіз. Түн түгілі күндіз көшеде жүруден қалдық. Топ-тобымен шұбырып жүреді, малға да тыным бермей тұр қуалап. Мектептегі балаларымызды апарып-алып келеміз, осы иттерден қорқып. Қаңғыбас итті атуға тиым салса, бір жерге жинақтайтын орын неге ашпайды? Қалай еткенде де, қала әкімшілігі бір шарасын алуы тиіс қой, - дейді аудан орталығының тұрғындары.
Қаланы кезген бұралқы иттер еркінсігені соншалық, енді топ-тобымен мекемелердің алдына жатып алатынды шығарды. Аудандық әкімшілік пен мұражай ғана емес, басқа да мекемелердің алды толған ит.
- Заңға сәйкес итті атуға құқығымыз жоқ. Оны жақсы білесіздер. Құлсарыда иттің тұрғындарды талау фактысы орын алған жоқ, - дейді қала әкімінің орынбасары Қадыржан АДИНОВ. - Жуырда 7 млн 142 мың теңге бөлініп, «Отлов, временное содержание и усыпление бродячих собак в городе Кульсары» деген атаумен ашық конкурс жүруде. Жеңімпаз анықталғаннан кейін жұмыс жүретін болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Әлеуметтік желіден алынған суреттер