Атырау, 29 қараша 09:36
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Бірінші топ мүгедегіне ғана емес, көмекшісіне де шипажайға ақша бөлінеді

Сурет
981 просмотра

Атырау облысында І топтағы мүгедектердің және ерекше балалардың жеке көмекшілеріне 14 күнге курорттық шипажайға тегін жолдама берілуде. Бұл бағдарлама елімізде тек біздің өңірде қолға алынған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, мүгедектігі бар барлық топтағы азаматтар әлеуметтік қызметтер порталынан өздерінің электронды цифрлық қолтаңбалары арқылы үйден шықпай-ақ жолдама ала алады. Сондай-ақ, қалалық, аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінде, округтерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарындағы мамандардың көмегіне де жүгінсе болады.

Әлеуметтік қызметтер порталында Қазақстан бойынша 60-тан астам шипажай тізімі енгізілген. Мүмкіндігі шектеулі жан порталдан қалаған шипажайды және қай мезгілде демалатынын таңдағаннан кейін, сол шипажайға 14 күндік есеппен жергілікті бюджеттен қаражат аударылады. Ал егер І топ мүгедегі болса, оның көмекшісіне де ақша төленеді.

Портал арқылы таңдаған шипажайына тегін жолдама алып, жергілікті бюджет есебінен бөлінген жеңілдікке ие болғандардың бірі Табылды МҰСАҒАЛИЕВ, І топ бойынша көз мүгедегі.

- Осыған дейін, шипажайға тегін жолдама І топ мүгедегі болғандықтан тек өзіме ұсынылып келген еді. Алайда жалғыз өзім жүріп-тұруым қиын болғаннан кейін шипажайларға бара алмадым. Себебі көмекші үшін шығынды төлеу қалтама қиын соғып келді. Биылдан бастап күтушіме де өзіммен бірге демалуға 168 мың теңге қаржы аударылды. Соның арқасында алғаш рет шипажайға барып демалып, емделіп келдім. Шипажайға баратын жол билеттерін ғана өз қаржымызға алдық.

Күтушісі ретінде зайыбы тағайындалған.

- Зайыбым екеуміз портал арқылы Түркістандағы «Шипасу» шипажайын таңдадық. Екі аптада жақсы әсерлі демалыс болды. Жолдасымды күткенім үшін ақша сұрамаймын ғой, дегенмен күтуші ретінде тағайындап, жолдасыма қызмет көрсеткеніме қаржы бөлген мемлекетімізге алғыс білдіремін, - дейді Табылдының жұбайы Маржан ҚАЛҚАМАНОВА.

Фарида АБДОЛОВА да күтуші ретінде тегін шипажайда демалып келген:

- Мен ерекше баланың анасымын. Балам 14 жаста. Бала күтімімен үйде отырып, шипажайға барып көрмеппін. Бірінші рет барып, жақсы әсер алып қайттық. 14 күн Сарыағаш шипажайында демалдық. Бұйырса келесі жылы басқа шипажайды таңдағымыз келіп отыр.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді сұхбаттасушылар жолдады

26 қыркүйек 2022, 11:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.