БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Запорожье атом электр станциясында қауіпсіздік аймағын құру жоспарын жалғастыруға ниетті. Ұйымның басшысы Рафаэль Гросси Ресейде жартылай мобилизация жариялануына байланысты осылай мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Гросси агенттіктің қазір қос тараппен мәселеге қатысты нақты келіссөз жүргізуге кіріскенін айтуда. Соңғы айларда Украинадағы Запорожье атом электр станциясында ахуал шиеленісті. Оған нысан маңындағы қос ел әскерінің бір-бірін атқылауы себеп. Станцияны Ресей күштері наурыз айында басып алған.
Рафаэль Гросси, БҰҰ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің бас директоры:
– Станцияны қалайда қорғау керек. Қауіпсіздік аймағын құру мәселесін талқылауға кірісіп кеттік. Бірақ мен бұл жерде келіссөз туралы айтып отырған жоқпын. Қазір оған уақыт жоқ. Біз бұл мәселеге қатысты шешімді тез қабылдауымыз қажет. Өйткені соңғы уақытта нысан маңында атыстар үдеп, қауіп тағы күшейген.