Атырау, 22 қараша 01:06
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Көші-қон: Қазақстан ғалымдар мен табысты бизнесмендерді күтеді

1 228 просмотра

Жаңа көші-қон саясаты туралы Әлеуметтік кодекс жобасын дайындау шеңберінде «Ашық Қазақстан +500» жаңа тұжырымдамасы əзірленген. Тұжырымданың басты бағыты - елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек АЛДИЯРОВ (суретте) мәлім етті.

- Еліміз сұранысқа ие мамандар мен ғалымдар орталығына айналуы тиіс. Бұл орайда басты міндеттің бірі - 100 үздік оқытушыны және сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды  тарту. Шетелдіктер қазақстандықтарды оқыту үшін тұрақты ықтияр хат алады, кейіннен азаматтық ала отырып, 10 жылға ғылыми-педагогикалық виза беріледі. Бұл мамандардың міндеті – білім трансфері мен өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау болып табылады, - деді М.Алдияров.

«Ашық Қазақстан +500» жаңа тұжырымдамасының тағы бір басым міндеті - Бизнес миграцияны ынталандыру. Өңірге инвестицияны тарту мақсатында шетелден келетін кәсіпкерлерге виза енді 10 жылға тұрақты беріледі. Бұл визаның иесі өзінің бизнесін ашуға, қаржылық операция жасауға, меншік иеленуге және Қазақстанда тұрақты тұруға құқылы болады. Бұл Қазақстанға жыл сайын 100 инвестордың келуіне ықпал болмақ.

Атырау облысында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алатын 262 кәсіпорын бар. Кәсіпорындарда 91 815 қазақстандық, 6 660 шетелдік маман қызмет атқарады. Шетелдік қызметкерлер ең көп тартылған елдер - Үндістан (1 456 маман), Түркия (840 маман) және Ұлыбритания (965 маман).

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, биыл Атырау облысына 2022 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға 6 398 квота бөлінді. Бүгінде 5 255 шетел азаматына жұмысқа тұруға рұқсат берілген. Оның ішінде - 387 маусымдық жұмысқа келетін шетелдік жұмыскерлерге берілді.

Биыл басқармаға 70-ке жуық адам пана іздеуші ретінде жүгінген. Оның 15-і босқын мәртебесіне берген өтініштерін қайтарып алып, елдеріне қайтқан. Қазір пана іздеген 48 адам (29 ер, 14 әйел, 5 бала) тіркеуде. Барлығы Украина азаматы.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

ӨКҚ жолдаған сурет

22 қыркүйек 2022, 13:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.