Атырау, 19 сәуір 22:56
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Көкарна ауылының тұрғындары: «Питомникті бізден аулақ әкетіңдер!»

Бейнежазба
1 240 просмотра

20 қыркүйекте кешкісін қала іргесіндегі Көкарна ауылының тұрғындары қаңғыбас иттерге арналған питомниктің жанына жиналып, оны басқа жерге көшіруді талап етті. Питомник ауылдың өзінде орналасқан. Тұрғындар иттердің үнемі абалап үріп, мазаны алатынына және жағымсыз иіс шығатынына шағымданады. Бүгін, 21 қыркүйек күні таңертең оларға қала әкімдігінде қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИМЕН кездесу белгіленді.

Кездесуге ауылдың белсенді тұрғындары мен «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Венера МАНАСОВА келді. Көкарна ауылының тұрғыны Қарлығаш МӘЛІМОВАНЫҢ айтуынша, бұл мәселе 2017 жылдан бері бар, содан бері бұл мәселені шеше алмай келеді.

– 2017 жылы бұл базада 50-ге жуық ит болса, қазір төрт есе, одан көп болуы мүмкін. Бұл жерде таңертеңнен кешке дейін шу, иттер үріп, ұлиды, олардың зәрі каналға құйылып, сасық иіс шығады. Питомникті іске қосты, ондағы иттерді бос қоя береді. Біз, ересектер иттерді қорқытып, қуып балалардан арашалап жүреміз. Керек кезде жанынан табылсақ жақсы. Ал ешкім болмаса – Теңдік пен Балаусадағы алабайлар сияқты талап тастай ма? – дейді Мәлімова.

Мүмкіндікті пайдаланған көкарналықтар қала іргесіндегі Тасқала-1, Тасқала-2 және Тасқала-3 ауылдарынан басталатын №51 және 65 автобус бағыттарының мәселесін де көтерді.

– Бұл бағыттар Көкарна ауылына дейін толып келеді. Біз оған сыймай қаламыз, біз жұмысымызға, ал балалар мектепке, балабақшаға жете алмайды. Көбіне осы себепті және аялдама павильонының жоқтығынан автобустар тоқтамай, өтіп кетеді, – дейді Мәлімова.

Венера Манасованың «АЖ»-ға айтуынша, қазір олар ауылдағы базаны танысынан питомник ретінде жалға алып, коммуналдық қызмет үшін 80 000 теңге төлеп жатыр.

Айтуынша, кеше ол да тұрғындармен кездесуде болып, оларға питомниктің жағдайын өзі көрсеткен.

– Тұрғындар ауылда ит көбейіп кеткенін, балаларының өмірі үшін қауіптенетінін айтып шағымданады. Олар ит үріп, абалайтындықтан у-шу болатынын, егер біз көшіп кетсек, ауыл тынышталады деп есептейді. Мен оларға питомникті көрсеттім, олар біздің иттердің бәрі шынжырға байланғанын және торға қамалғанын өздері көрді. Мен тұрғындардан өздерінің босатып жіберетін иттеріне жауапты болуды сұрадым. Олар, алабай, овчарка, хаски тұқымды иттерін босатып жібереді, ал олар біздің иттерге жүгіреді, содан у-шу басталады. Жалпы, иә, көшуіміз керек екенін түсінемін. Атырау-Астрахань тас жолының жанындағы Сарыөзекте питомникке арналған аумағымыз бар, бірақ ол өте кішкентай, – дейді В.Манасова.

Оның айтуынша, қазір Көкарна ауылындағы питомникте күшіктерімен бірге 120 ит, басқа питомниктерде тағы 80-ге жуық ит бар. Сарыөзектегі аумақ - 16 гектар, тағы 20 га қажет.

Көкарна тұрғындарымен кездесуде қала әкімі питомникті Көкарна ауылынан көшіріп, Сарыөзекке көшіруге көмегін ұсынып, ондағы питомник аумағын үлкейтуге уәде берді.

Айнұр САПАРОВА

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған сурет

Кокарна тұрғындары жолдаған бейнежазба

21 қыркүйек 2022, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.