Атырау, 2 қазан 18:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +14
$ 476.71
€ 467.03
₽ 8.36

Атырауда ұшқан күл: теңіз қамысы жанып жатыр

Толықтырылды Сурет Бейнежазба
850 просмотра
Светлана Новак түсірген сурет

Бүгін, 20 қыркүйекте сағат 18-ден бастап Атырау тұрғындары қала көгін қара түтін басып жатқанын байқады. Әлеуметтік желіде ауада күлдің ұшып жүргені түсірілген видео пайда болды.

Тағы бір видео қала маңындағы Көкарна ауылында түсірілгенге ұқсайды - онда бір әйел жерде күл жатқан ауласын видеоға түсірген. Келесі ролик -  Балауса ықшамауданынан, ол жерде де сол көрініс: аспанды тұмшалаған түтін мен ұшқан күл.

Біз Атырау облысының ТЖД-не  хабарластық. Бізге 15 қыркүйекте аңшылық маусым басталғалы Каспий жағалауындағы қамыстың жануы жиілеп кеткенін айтты. Олардың ақпараты бойынша, түтін теңіз жақтан келіп жатыр:

- 20 қыркүйекте сағат 08:57-де Атырау қаласына қарасты Кеңөзек ауылдық округінде Тасқала ауылынан 40 шақырым жерде Каспий теңізіне қарай қамыс өртеніп жатыр. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жану аймағы анықталуда. Өртті сөндіруге Атырау облыстық ТЖД-нің күштері мен құралдары (25 қызметкер мен 6 техника) жұмылдырылды, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі. - Жану аумағы мен себебін анықтау әзірге мүмкін емес.

ТЖД суреті

Кейінірек ТЖД кешкі сағат сегіздегі ахуал бойынша жанған аумақтың ұлғайғанын хабарлады. Құтқарушылардың айтуынша, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Сөндіру кезінде батпаққа кептеліп қалған ТРЭКОЛ көлігін өрт шалып, ол өртеніп кетті. Көлікте болған екі қызметкер шығып үлгерді. Өртті сөндіру жалғасуда.

Ал қаладан күйік иісі шығып тұр.

Сәлден соң ТЖД қоғаммен байланыс тобы жаңа түсініктеме берді: «Сағат 19-дағы жағдай бойынша жану  аумағы ұлғайды (шамамен 60 га). Өртті сөндіру жалғасуда. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Атырау қаласында күйік иісі сезіледі. Сағат 19:40-та өрт «Ақ Жайық» ӨСБ аумағына жайылды (аудан нақтылануда). Өрт орнында телефон және радио байланысы жоқ. Метеорологиялық жағдай: оңтүстік-шығыстан 5-7 м/с жел соғады, ауа температурасы +30 С. Өртті сөндіруге жұмылдырылғандар: Атырау облысы ТЖД  (31 қызметкер және 10 техника, 1 су көлігі), «Ақ Жайық» ГПР (20 жұмысшы және 5 техника), жергілікті атқарушы органдар (3 жұмысшы және 3 техника), ЕӨСЖ (15 адам 2 бірлік техника).  Департаментте жедел штаб құрылды.

ТЖД Кеңөзек ауылдық округіндегі жанып жатқан қамысты сөндіруге МИ-8 тік ұшағы жұмылдырылатынын қосымша хабарлады. Ал, экология департаменті аталған төтенше жағдайдың Атыраудағы атмосфералық ауа жағдайына әсерін тексеруге кірісті. Нәтижесін ертең ұсынуға уәде берді.

21 қыркүйек күні 7:30 сағатта МИ-8 тікұшағы барлау жұмыстарын жүргізіп, 20х20 метр көлемінде ашық отпен жанған 2 ошақты және 100 м көлемінде бықсыған аумақты анықтады. Қазіргі уақытта әуеден сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлады сәрсенбі күні таңертең ТЖД. 

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген және әлеуметтік желіден алынған суреттер мен бейнежазба

20 қыркүйек, 23:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.