Ресейдің танымал әншісі Алла Пугачёва 18 қыркүйекте әлеуметтік желіде пост жариялап, Ресей билігінен өзін "шетел агенті" тізіміне қосуды сұрады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
. Әнші Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы алғаш рет пікірін ашық жеткізіп, соғысқа қарсы шыққан күйеуі Максим Галкинді қолдады. "Мен күйеуімді қолдаймын, адал, парасатты, шыншыл, Ресейдің нағыз, ешкімге сатылмайтын патриоты, отанына тек игілік, бейбіт өмір мен сөз еркіндігін тілейтін күйеуіммен біргемін" деп жазды Пугачева Ресей әділет министрлігіне бағыттаған жазбасында. 16 қыркүйекте Ресей әділет министрлігі Алла Пугачеваның күйеуі, әртіс, тележүргізуші Максим Галкинді "шетел агенті" тізіміне қосқан. Ведомствоның жазуынша, Галкин "саяси қызметпен айналысады" және сол әрекеті үшін "Украинадан ақша алған".
Ресей басқыншылығының алғашқы күндерінен-ақ Галкин соғысты айыптаған.
"Сіздер Пасха мейрамында бейбітшілік жайлы дұға жасап, бір мезетте тұрғын үйлерді қанатты зымырандармен атасыздар" деді Одесса атқыланғаннан кейін Ресейдің ресми тұлғаларына қайырылған Галкин.
Ол Израильде концерт өткізіп, жиналған қаржыны украин босқындарына көмек ретінде беретінін айтқан.
Қыркүйектің басында президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Галкин "өте нашар мәлімдеме жасады" деп мәлімдеп, "біздің жолымыз түйіспейтіні анық" деп айтқан.