Атырау, 17 мамыр 16:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Құлсарыдағы қоқыс жинаушылар: «Бұдан әрі жұмыс жасау мүмкін емес»

1 219 просмотра

Құлсары қаласында аумақты тазартумен айналысқан мекеме банкрот болып, жабылып қалды. Жергілікті тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды қайда жіберерін білмей дал.

- Қоқыс жәшіктерінің  айналасы тұрмыстық қалдықтармен толған, айналасы шіріп жатыр. Енді не істерге білмей, үй жанына жинап қоюымызға тура келіп отыр, - дейді құлсарылықтар.

Бұған дейін аудан көлеміндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, тасымалдау және заласыздандыру жұмыстарымен «Жылыойтазалық» ЖШС айналысып келген. Бүгінде бұл мекеменің жұмысы тұралап қалған. Соңғы 6 жылдан бері тариф өзгермеген (адам басына шаққанда көп қабатты тұрғын үйлер үшін 169,64 теңге, жеке тұрғын үй үшін 187,50 теңге). Оның үстіне, тұрғындардың төрттен бір бөлігі ЖШС-мен қоқыс шығару жөнінде келісімшартқа отырмаған және қызмет ақысын төлемейді.  

- Біз шығынға баттық, бұдан әрі жұмыс жасау мүмкін емес. Сол себептен 3 тамызда аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВТЫҢ атына хат жолдап, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмысымызды тоқтататынымызды ескерткенбіз, -дейді «Жылыойтазалық» ЖШС директоры Бауыржан ӘБДІРАХМАНОВ.

Осыған орай Құлсары қаласының әкімдігіне хабарластық.

- Құлсары қаласындағы жеке және заңды тұлғалардан қатты тұрмыстық қалдықтарды әкету және арнайы полигонға жеткізу қызметін екі мекеме - «Жылыойтазалық» ЖШС және «Экоқала ХХI» ЖШС атқаратын. Екі мекеменің өзіне бекітілген аумағы бар. Жасыратыны жоқ, салық, жалақы, зейнетақы жарнасы мен электр қуатына берешек көбейген «Жылыойтазалық» ЖШС өз жұмысын тоқтатып отыр. 15 қыркүйектен бастап бар жұмысты «Экоқала ХХI» ЖШС атқаруда. «Жылыойтазалықтың» сенімгерлік басқаруындағы он техниканы соларға алып беріп жатырмыз, - дейді Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Қадыржан АДИНОВ.

- Тұрмыстық қалдықтарды шығаруға бекітілген тариф алты жылдан бері өзгермепті, ол сол күйінде қала ма?

- ЖШС-нің банкротқа кетуінің басты себебі - тариф өскен жоқ, кейбір тұрғындар төлемақыны төлемеген. Сол себептен жаңа тариф құнын белгілеу үшін аудандық ТКШ бөлімі «EcoCentre-Consuling» ЖШС-мен келісімшарт жасақтап, жоба әзірленуде. Жоба толықтай біткен соң, жаңа тариф белгіленеді. Сосын аудандық мәслихат сессиясында бекітіледі.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Жергілікті тұрғындар жолдаған суреттер

20 қыркүйек 2022, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.