Футболдан ел чемпионатының 20-турында «Атырау» ФК өз алаңында «Тұран» (Түркістан) командасын қабылдады. Алдыңғы кездесуде сырт алаңда мықты «Тобыл» командасын жеңгеннен кейін аутсайдерлердің бірі алаң иелерінің оңай олжасына айналатындай көрінген. Өкінішке орай, олай болмай шықты.
Меймандар қорғаныста қалғысы келмей бірнеше шабуыл жасады, эпизодтардың бірінде доп «Атырау» қақпасының бағанасын шайқап жіберді. Ал 17-минутта «Тұранның» бразилиялық легионері Жо САНТОС бұрыштан берілген допты баспен ұрып, гол соқты. Қақпаға кірмес бұрын доп жерге тиген еді. Қақпашы Айрам ХАЙРАПЕТЯН айып алаңына ойыншылар көп шоғырланғандықтан оны көрмей қалды.
«Мұнайшылар» есесін қайтаруға жұмыстанды, бірақ көздерінде от болмады. Ал, алаң иелерінің шабуылына төтеп берген меймандар тағы бір гол соқты: 55-минутта қапталдан берілген допты «Тұранның» жартылай қорғаушысы Бекзат ҚАБЫЛАН алаң иелерінің қақпасына дәл көздеп соқты. Бұл кезде қақпа маңында бірнеше атыраулық ойыншының не істеп жүргені белгісіз.
Матчтың қалған бөлігі онша қызықты болмады: меймандар шебер қорғанды, алаң иелері (есеп міндеттеп қойған соң) онша құлықсыз шабуылдады. Бұл жолы соңғы матчтың қаһарманы Демир ИМЕРИ еш ерекшеленбеді. Кездесу 2:0 есебімен «Тұранның» жеңісімен аяқталды.
Осы ойыннан кейін «Атырау» 6-орыннан 7-орынға түсті. Келесі ойын 1 қазанда Шымкенттің «Ордабасы» командасымен сырт алаңда өтеді.
Айнұр САПАРОВА