Атырау, 4 қазан 20:32
 ашықВ Атырау +11
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Құрманғазы тұрғыны өз үйінен ретро-музей ашты

Сурет
1 877 просмотра

Құрманғазы ауданы Жапырақты ауылының тұрғыны Ғалымжан МҰҚАШЕВ ескі заттарды жинауды бала кезінен бастаған. Жақында ол өз үйінен ретро-музей ашуды ұйғарды. Бір бөлмеге сыйған шағын музейде түрлі заман жәдігерлері қойылған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ғалымжан Мұқашев көп жыл есепші болып еңбек еткен. Қазір құрметті демалыста. Сирек кездесетін көне заттарды жинау – оның хоббиі. Шағын музей ашу көптен бері ойында жүрген. Алғашқы жәдігері анасының ұршығы екен. Ал қазір музейде 100-ден астам жәдігер бар.

Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шағын музейге келушілер, әсіресе, өткен ғасырдың 50-70-жылдарына тиесілі бұйымдарды тамашалайды. Алайда одан да көне бұйымдар бар. Мәселен, музейге малдың сүйегінен жасалған көне ұршық та қойылған. 


- Бұл жерден төл теңгенің алғашқы нұсқаларын да табуға болады. Өткен ғасырдың ортасында шығарылған теледидар мен радиоқабылдағыш, көне сағаттар мен музыкалық аспаптар және басқа да бұйымдар бар. Бәрі түпнұсқа қалпында сақталған, - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Музей иесі оны пайда табу үшін ашпағанын айтады: 

- Ұрпағым, немерелерім бар. Соларға мұра болып қалсын деген ниетім еді. Адамдарға да сол кездегі бұйымдар арқылы өткенді танып-білу әрі қызық, әрі пайдалы деп ойлаймын.

Енді Ғалымжан Мұқашев келушілерді қуанту үшін музейді кеңейтіп, жәдігерлер санын көбейтуді мақсат етіп отыр.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Құрманғазы ауданының баспасөз қызметі ұсынған суреттер

16 қыркүйек 2022, 17:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.