Атырау, 4 қазан 20:31
 ашықВ Атырау +11
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Бос орындар жәрмеңкесі: үміт пен күдік

1 070 просмотра

APEC PetroTechnic Жоғары колледжі ғимаратында жақында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 300-ден астам адам қатысты. Солардың кейбірімен «АЖ» тілшісі сұхбаттасқан еді.

Ол жерде жасы да, кәрісі де болды. Көпшілігі Теңізге жұмысқа тұрғысы келеді, ал кейбірі айына кемінде 100 мың теңге табатын жұмыс тапсам дейді.

Жәрмеңкеге Атырау облысының 34 кәсіпорны мен ұйымы шақырылды. Басым бөлігі Теңіз кенішімен байланысты, бірақ мемлекеттік мекемелер де болды.

- Бізде жұмысшылар жетіспейді, сондықтан бос орындар жәрмеңкесіне келдік. Келушілердің көбі өз түйіндемесін бізге қалдырды, - дейді әйелдер түзеу колониясы басшысының орынбасары Марта ӨТЕПОВА. – Біздің мекемеде жалақы да жақсы, түрлі төлемдер де бар. Көбі мұндай жұмыстан қашады, бірақ шын мәнінде бұл кәдімгі ауысымдық жұмыс.

Атырау халықаралық әуежайының өкілі Маржан КЕНЖЕҒАЛИЕВА бірнеше жас жігіттен түйіндеме алған. Әуежайға жұмысшылар керек, жалақысы 100 мың теңге.

Сондай-ақ ТШО мен NCOC-қа жұмысшы іздейтін рекрутингтік компаниялар бар. Әрине, қойылатын талаптары оңай емес: жоғары білім, кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, түрлі халықаралық сертификаттар, тіпті MBA дипломы (іскерлік әкімшілігі шебері) болуы керек.

25 жастағы қала тұрғыны Ерлан МҰРАТҚАЛИЕВ университетті «мұнай кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген. Оның айтуынша, төрт жыл ішінде ол 100-ден астам түйіндеме жолдаған, бірақ ешкімнен жауап келмеген.

– Қызыл дипломымды үйде шаң басып жатыр, ал өзім көлігіммен таксист болып жүрмін, бос уақытымда ағылшын тілімді жетілдіремін, – дейді Е.Мұратқалиев.

Рекрутер Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА жұмыссыздардың түйіндемесінде жіберетін қателіктерге тоқталды. Мысалы, «жұмыс тәжірибесі» бағанына олар қандай міндеттерді атқарғанын көрсетпейді. Мұндай қателері бар түйіндеме автоматты түрде қарастырылмайды.

- Біздің рекрутингтік агенттік тапсырыс берушілер ұсынған жұмыс орындарын ғана алады. Компания қызметкердің қандай талаптарға сай болуы керектігін хабарлайды, ал біз сондай адамды іздейміз, – дейді Ә.Дәулетбаева. – Қазір жүзден астам түйіндеме алдым. Өзіме қажеттісін алып, қалғанын басқа компанияларға жіберемін. Әрине, бәріне көмектескіміз келеді, бірақ жұмыс орнына үміткерлер үшін компаниялар қатаң талап қоятындықтан біздің мүмкіндігіміз де шектеулі.

Гүлшат ДӘУЛЕТБАЕВА жәрмеңкеге екі ұлына жұмыс тауып беру үшін Құрманғазыдан келген.

– Ұлдарымның жүргізуші куәлігі бар, олар экскаваторда жұмыс істей алады, бірақ жәрмеңкеден оларға лайықты жұмыс таппадым. Ал ауылдан жұмыс іздеу бекер, – дейді Г.Дәулетбаева. – Кәдімгі жүргізушілердің бос орнына түйіндеме қалдырдым, бірақ бізге қоңырау шалуы екіталай. Атырау-Астрахань трассасын қалпына келтіру жұмыстарында да ұлдарыма жұмыс жоқ, ал ол жерде экскаватор толы!

Ағайынды Арман мен Асқар жергілікті колледжді бітірген, Теңіздегі бір компанияда жұмыс істепті, бірақ жұмыстан қысқартылған. Осыдан кейін көп жерге түйіндеме жіберген, бірақ олардың ешқайсысына жауап болмапты. Енді осы жәрмеңкеде түйіндеме қалдырған, бірақ табылатынына күмәнді.

– Мен оған бұл жерден жұмыс таппаймыз деп едім, – дейді Асқар. Бірақ үмітсіз шайтан деген.

Фархат АБИЛОВ

Суреттерді түсірген автор

16 қыркүйек 2022, 18:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.