Атырау, 4 қазан 20:27
 ашықВ Атырау +11
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Ақкиізтоғайлықтар ауыр жүк көліктері үшін жолды жабуға дайын

Сурет
1 705 просмотра

Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары ауылға кіреберіс асфальт жолды сақтап қалу үшін қиыршық тас тасып жатқан «Шахман» көлігін тоқтатуды талап етуде.

«КазКомСервис» ЖШС-нің иелігіндегі ауыр жүк көліктері «Қырғын» учаскесінен 30 шақырым  жердегі Құлсары қаласына қиыршық тас тасып жатыр.

- Ауылға кіреберіс асфальт жолдың күрделі жөндеуден өткеніне бес жыл болды. Оған дейін жолымыз ойлы-шұңқырлы, жүруге жарамсыз еді. Енді 25-30 тонналық «Шахман» көліктері асфальтымызды бүлдіріп жатыр. Қиыршық тас тасушылармен жиі келіспей қаламыз. Оған қоса, «КамАЗ» көліктері мал өрісін таптап жүріп жатыр. Осы көліктердің кесірінен ауыл үнемі шаң болып, адамдар демалудан қалып, тұншығып отыр. Осыларға тоқтам бола ма, бұған кім жауап берер екен? Аудан әкімшілігіне арыздандық, бірақ шығып жатқан нәтиже жоқ. Оларға арнайы грейдер салынды ғой, сол жолмен жүрсін, - дейді ашынған ақкиізтоғайлықтар.

14 қыркүйекте ауылдық округ әкімдігінің акт залында ауыл тұрғындары мен «КазКомСервис» ЖШС директорының орынбасары Асқар ЖАНҒАЗИЕВ қатысқан жиын өткізілген. Ол «Шахман» көліктерінің енді жұмысқа қосылмайтынын, «КаМАЗ» машиналары тек грейдер жолмен жүретіні жөнінде уәде берді.

- Алайда тұрғындардың талап-тілегі орындалмады. Олар «Шахманның» күніне 20-25 көлігінің әлі де жүріп жатқаны жөнінде сурет жолдап жатыр. ЖШС  басшылығы уәдесінде тұрмады, - дейді Ақкиізтоғай округінің әкімі Қанат МЫҢБАЕВ.

«АЖ» тілшісі А. Жанғазиевқа хабарласқан еді. Ол «Мен ауырып жатырмын, ешқандай жауап бере алмаймын» деп, қысқа ғана жауаппен шектелді.

Ал шарасыз ақкиізтоғайлықтар бүкіл ауыл болып жүк көліктеріне жолды жабатынын мәлімдеді.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА     

Суреттерді түсірген автор

16 қыркүйек 2022, 21:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.