Атырау, 4 қазан 20:27
 ашықВ Атырау +11
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Сот бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған шенеунікті ақтады

1 366 просмотра

№2 қалалық сот облыс мектептеріне планшет пен компьютер сатып алу үшін бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы мен ЖШС директорына ақтау үкімін шығарды.

Біздің соттарда ақтау үкімі сирек шығарылады, сондықтан толығырақ тоқталайық. Директор мен кәсіпкерге ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша айып тағылған. Біріншісі 2020 жылы қашықтан оқыту форматына көшкен кезде оқушыларға планшет пен ноутбук алуға бөлінген қаражатты ұрлаған, ал екіншісі білім басқармасымен жалған келісімшарт жасасқан деп айыпталған. Тергеу жорамалы бойынша келтірілген шығын көлемі 194 миллион теңгені құрады.

Сотта прокурор айыпталушыларды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тараптың өкілі – Атырау облысының әкімдігі сотталушылардың кінәсі дәлелденсе, келтірілген шығынды өндіруді өтінді. Сотталушылар мен адвокат Рустам АХМЕДЬЯРОВ тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сот Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті криминалистика бөлімі бастығының қорытындысы айып тағуға негіз болады деп тапты.

– Алайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жүргізілген тергеу эксперименті барысында сараптама қорытындыларының қате жасалып, өз дәлелін таппағаны анықталды. Ал айыптаушы тарап сотталушылардың кінәсін растайтын өзге де дәлелді ұсынбады. Осылайша, сот отырысында тағылған айып расталмады, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты сот сотталушыларды ақтады.

- Сот айыпталушылардың тергеу органының заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеттіру құқығын таныды. Сондай-ақ, Атырау облысының прокуратурасына жеке ұйғарым шығарылып, онда тергеу барысында жіберілген заң бұзушылықтарға және алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін шара алу қажетіне баса назар аударылды, - деп хабарлады сот.

Фархат АБИЛОВ

15 қыркүйек 2022, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.