
Атырауда медицина қызметкерлері ескі жатақханада қиын жағдайда тұрып жатыр. Толығырақ «АЖ» репортажында.
Владимирский көшесі, 99 үй мекенжайында орналасқан 102 бөлмелі бұл жатақхана осыдан 32 жыл бұрын медицина қызметкерлеріне берілген. Осы уақыт ішінде секциялық типтегі ғимараттың жағдайы өте нашарлады. Мұнда тұратындардың бәрі дерлік - медбике мен санитарлар, сондай-ақ , медицина мекемелерінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққандар.
- Бізде газ жоқ, көп жылдан бері ыстық су жоқ, ал суық су 4-5-қабатқа көтерілмейді, ақшаға сорғы орнатуға мәжбүрміз. Қыста жылу жоқ, жылытқышпен күн көріп отырмыз. Жарық жиі өшеді, – дейді Жаңылсын ШАЯХЫМЕДЕНОВА мұңын шағып.
Осыдан бес жыл бұрын сол кездегі қала басшылығы апатты жатақхананы көшіруге арналған тізімге енгізген. Бірақ уәде бергендер қызметтерінен кеткен соң еш өзгеріс болмады. Енді терможаңғырту туралы әңгіме қозғалған секілді.
– Олар жаңғыртуды қалай жүргізбек? Мұны жөндеу мүмкін емес қой. Біз келіспейміз. Бізді көшірсін, – дейді Балым СӘДІҒҰЛОВА.
Қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат ЖОЛДИЕВ:
– Қала әкімі бізге жаңғырту жұмыстарын жүргізуді ұсыныңдар деді. Біз қорытындыны көрдік, соған сәйкес терможаңғырту жүргізуге болады. Қазіргі таңда күн тәртібінде қоныстандыру мәселесі жоқ.
Үйдің техникалық қорытындысын енді ғана қараған әкімдік қызметкерлерінің әрекеті түсініксіз. Айта кетейік, Атырауда апатты үйлер тізіміне енген 12 жатақхананың бүгінде 10-ы сүріліп, адамдар жаңа баспанаға көшірілді. Ал медицина «жатақханасының» тұрғындары тағы бір қысты жылусыз, сусыз қалай өткізетіндерін білмей дал.
Фархат АБИЛОВ
Суреттерді түсірген автор
В Атырау 0 







