Атырау, 4 қазан 20:34
 ашықВ Атырау +11
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Ертең Атырау облысында күзгі аңшылық маусымы басталады

1 241 просмотра

15 қыркүйекте Атырау облысында күзгі аң аулау маусымы басталады. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан ИМАНҒАЛИЕВ мәлім етті. 

Оның айтуынша, үйрек, қаз, қасқалдақ құстарын аулауға 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, қоян, түлкі аулауға 1 қарашадан 15 ақпанға дейін, қабан аулауға қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген. Ал қасқыр аулауға жыл бойына рұқсат етілген. Қасқыр атуға тегін жолдама әр жылдың басында аумақтық инспекцияда беріледі. Н. Иманғалиев өңірде бионегізге сәйкес боз шіл (қыркүйектің бірінші сенбісінен 30 қарашаға дейін) және дала көгершіндерін (20 тамыздан 30 қарашаға дейін) аулауға да рұқсат етілгенін, бірақ біздің аңшылар оларды аулауға жолдаманы өте сирек алатынын атап өтті.

– Жергілікті аңшылар суда жүзетін құстарға – үйрек, қазға көбірек қызығушылық танытады. Ал қыста негізінен қоян мен қабан аулайды. Жалпы, қазір өңірде сүтқоректілердің 48 түрі мекендесе, 21-і - аңшылардың нысанасы. Атырау облысының аумағына жыл сайын құстың 480 түрі ұшып келеді, оның 114 түрі ұя салады, – дейді Н.Иманғалиев.

Атырау облысында 6 мыңнан аса аңшы ресми түрде тіркелсе, оның 3 мыңға жуығы аңшылықпен тұрақты түрде айналысады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, былтыр аң аулау ережесінің талабын бұзған 11 адам анықталған.

Айнұр САПАРОВА

14 қыркүйек 2022, 18:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.