Атырау, 4 қазан 22:23
 ашықВ Атырау +17
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

«Атырау» – «Тобыл»: албан ойыншысы көзге түсті

1 133 просмотра

Футболдан Қазақстан чемпионатының 19-туры аясындағы матчта «Атырау» ФК сырт алаңда қостанайлық «Тобылмен» ойнап, күтпеген жерден жеңіске жетті. Бұл нәтижеге жуырда «Атырау» командасымен келісімшартқа отырған албан текті 26 жастағы солтүстік-македониялық легионер Демир ИМЕРИ (суретте) қол жеткізді.

Чемпионат көшбасшыларының бірімен кездесуді «мұнайшылар» қорықпай бастады. 24-минутта қатарынан алыстан соққан екі соққы алдымен алаң иелері қақпасының маңдайшасын, содан кейін қақпа бағанасын шайқап жіберді. «Тобыл» да қарап қалмады – 37-минутта алаң қожайындарының баспен соққан добы меймандардың қақпасының бағанасын теңселтті. Ал екі минуттан кейін Имери айып алаңының бір бұрышынан айналдырып соққан допты «Тобыл» қақпасының жоғарғы бұрышына бағыттады. Қақпашы Тимур АКМУРЗИННІҢ орнында, тіпті Мануэль Нойер немесе Ян Облактың өзі тұрса да, допты қағып түсіруі екіталай еді.

Ойын екінші таймда да қарсыласумен жалғасып, 74-75-минутта шешуші сәт туды. Алдымен «Атырау» қақпашысы Арам АЙРАПЕТЯН (ол команданың негізгі қақпашысы орнына нықтап жайғасқан секілді) айып алаңының сыртынан жасалған соққыны қақпаға дарытпады, сол бойда дереу меймандар жылдам қарсы шабуылға шықты; Имери допты ортаға алып жүгірді, қапталдағы екі серіктесі оған ұсыныс жасады, бірақ ол ойынды өз қолына алып, допты «парашютпен» бұрышқа бағыттап, әлдеқайда алға шығып кеткен Ақмурзиннен асырып, шеберлікпен қақпаға салды.

Алаң иелері ұтуға тырысып, азды-көпті өткір шабуылдар жасады, бірақ соңғы ысқырықтан кейін таблодағы есеп өзгеріссіз қалды - «Атырау» пайдасына 2:0.

Шамасы, Имери «Атыраудың» соңғы жылдарда ең сәтті жасаған келісімшарттарының бірі сияқты. Бұл матчта ол алдыңғы қатарлы чемпионаттар мен Еурокубоктарда голдың қалай соғылатынын көрсетті. Дегенмен, күнілгері ештеңе демейік, чемпионаттың аяқталуына әлі көп бар.

Осы жеңістен кейін «Атырау» турнирлік кестеде 6-орынға көтерілді. Келесі матчты 16 қыркүйекте өз алаңында «Тұранмен» (Түркістан) өткізеді.

Айнұр САПАРОВА

13 қыркүйек 2022, 10:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.