Атырау, 21 мамыр 18:56
 ашықВ Атырау +13
$ 443.72
€ 482.28
₽ 4.90

ММА шебері Қуат Хамитов: «Жеңісімді қаңтар оқиғасының құрбандарына арнаймын»

Сурет Бейнежазба
1 569 просмотра

Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде аралас жекпе-жектен «Mergen Fighting Championship» ІІІ турнирі өтті. Спорт кешіне Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінен 24 спортшы өнер көрсетті. Танымал спортшылар Қуат Хамитов, Дамир Исмагулов, Нұрберген Шарипов басты жекпе-жектерде айқасты.

Алғашқы жекпе-жекте Аманбек Бекмұратұлы өзінің өзбекстандық қарсыласы Хусан Оматовты екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңсе, Жасұлан Хасимов бірінші раундта өзбекстандық Жалолидин Толиповпен жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады.

Үшінші болып шыққан атыраулық Бердібек Сиражов қырғызстандық Азат Кочоровпен шайқасып, екінші раундта жеңіліске ұшырады.

Атыраулық спортшылар арасында Еламан Саясатов қырғызстандық Рысбек Мақсатбекұлымен жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаса, Ишан Галиев қарсыласы Есболат Рахиденовті,  Камал Шыңғысхан әзербайжандық Хусейн Бастановты  бірінші раундта нокаутқа жіберді.  

Кештің басты жекпе-жегінде атыраулық балуан, кәсіпқой ММА турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрберген Шарипов UFC рейтингінде 15-орында тұрған Дамир Исмағұловқа қарсы шықты. Қос жауынгердің үш раундқа созылған  кездесуіне төрешілер тең баға берді.

Октагонға ең соңғы болып Қуат Хамитов шықты. Қазақстандық спортшы 24 жастағы ресейлік қарсыласы Василий Бабинцевті 1-раундта қылғындыру әдісімен жеңді.

- Бұл қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет шығып тұрған жекпе жегім. Денсаулығыма қатты зақым келіп, енді өз формама келдім. Жанкүйерлеріме қайта оралғаныма қуаныштымын. Өзімнің жеңісімді қаңтар оқиғасында қаза болған бауырларымыздың рухына арнаймын. Біз сіздерді ұмытпаймыз, - деді Қуат Хамитов.

Келесі кездесуді ол желтоқсан айында Атырау қаласында өткізуді жоспарлап отыр. Қарсыласы ретінде Мариф Пираевты немесе Нариман Аббасовты көргісі келетінін жеткізді. Айта кетейік, Қуат Хамитов бұл спортшылармен бұрын кездесіп, олардан жеңілген болатын. Енді есесін қайтарғысы келеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор   

13 қыркүйек 2022, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.