2 қыркүйекте 16 жастағы байдарка есуші Евгений РУСАКОВТЫҢ «Атырау» ДСК маңында Жайыққа батып бара жатқан 5 жасар баланы құтқарып қалғаны оқырмандарымыздың есінде шығар. «АЖ» тілшісі осы оқиғаның егжей-тегжейін анықтап, осынау тамаша бозбаламен жақын танысқан еді.
Евгений ескек есумен 2019 жылдан бері айналысып келеді, бірінші жасөспірімдер разряды бар. Спорт секциясына досы ертіп әкелген, ол жерге өзінен бір жарым жас үлкен ағасы Богданмен бірге жазылыпты. Ол кезде жасы 13-те еді. Жазылып үлгерді, өйткені секцияға 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерді қабылдайтын. Дәріске тегін қатысады. Қазір жасөспірім қатаң кестемен жаттығып жүр, уақытын бос өткізбейді. Таңғы сағат сегізде жаттығуда болады, ал түстен кейін политехникалық колледждегі сабағына кетеді. Ол жерде «электрик» мамандығы бойынша 2-курста оқиды. Мектепте оқу үлгерімі жақсы болып, грантқа ие болған. «Менің барлық пән бойынша сабағым «төрт» болатын, колледжде аттестатыма қарап, грантқа қабылдады», - дейді Евгений.
Айтпақшы, онымен кездесу оңай болмады: қоңырау шалғанымда бос уақыты жоқ екенін, күні бойы кешке дейін қолы босамайтынын айтты. Сөйтіп ертемен оның жаттығуы басталғанша кездесуге келістік (мен де арасында таңмен жүгіретін жаттығуымды ескекшілердің қайық станциясында аяқтауды жөн көрдім).
«ТАҢЕРТЕҢ ЖАТТЫҒУ, КҮНДІЗ САБАҒЫМ БАР, КЕШКЕ ТӨСЕГІМЕ ҚҰЛАЙМЫН»
Жүгіріп барсам, Евгений әлі жоқ екен. Басқа жас ескекшілер жаттықтырушылары мен байдарка ангарының кілтін күтіп тұр екен. Есесіне күтіп тұрған кезде 15 жастағы Альмирамен таныстым. Оның ескекпен айналысқанына бір жыл болған, бұл ісі өзіне қатты ұнайды екен.
- Мен бұл спорт түрінен үлкен ләззат аламын, оның үстіне ол ағазаға өте пайдалы, бүкіл бұлшықетті дамытады, аяқтың да бұлшықетін. Мен бұрын жүзумен айналысатынмын, сондықтан ескек есу мен үшін қиындық тудырмады. Өзеннің әр жерінде жүреміз, қыста Жылы каналда жаттығамыз, – дейді Альмира. Секцияда бәрі бірін-бірі жақсы таниды екен, сондықтан ол тіпті Женя Русаковтың психологиялық портретін өз қабылдауынша айтып берді:
- Евгений айналасындағыларға сәл тұйық болғанымен, өте жақсы адам. Жанашыр, адамдарға көмектесуге қашан да дайын. Жаңадан келгендер байдаркамен аударылып қалса, көмекке бірінші болып Женя жетеді. Ал жақында «Атырау» ДСК жанында бір баланы аман алып қалды, – дейді Альмира.
Бірақ бұл туралы кейінірек.
Дәл осы кезде ағасымен бірге Евгений қасымызға келді, әңгімелесе бастадық.
- Мен бала кезімнен жүзгенді ұнатамын. Ескек есуге бір досым алып келген. Ұнатып, шындап кірісе бастадым. Сондықтан қазір уақытым қатаң жоспарланған. Таңмен жаттығамын, түсте колледжге сабағыма барамын, кешке үйге келіп, төсегіме құлаймын. Күнім сөйтіп өтіп жатыр. Кейде ауа жұтып, серуендеп келемін, - дейді Евгений.
«КАТАМАРАННАН ҚҰЛАҒАН СЕКІЛДІ»
Енді екінші қыркүйек туралы. Бұл күні ол әдеттегідей өзенде байдаркамен жүрген. ДСК маңынан кері бұрылып, AМУ жанындағы қайық станциясына бармақ болады. Сол кезде екі адамның - ересек кісі мен баланың қиын жағдайға тап болғанын көреді. Ересек адам суға батып бара жатқан балаға қол ұшын беруге әрекеттеніп жатыр екен.
- Әкесі баласын құтқармақ болды, бірақ онысынан ештеңе шықпай жатыр екен. Олардың өзеннің ортасына қалай жеткенін білмеймін. Катамараннан құлады деседі.
- Ал бұған дейін өзенде көз алдыңызда адамдарға көмек керек болып, сіздің көмектескен кезіңіз болды ма?
– Жаттығуда бір-екі рет қана болды. Біреу аударылып қалды, оны шығарып алу керек болды. Әсіресе жаңадан бастағандар осындай жағдайға жиі тап болады. Ал жай тұрғындарды алғаш рет құтқарып тұрғаным.
АЗДАП ЫРЫМШЫЛ ЕКЕН
– Бізде Атырауда секция сонау 1954 жылы ашылды, ел чемпионаттары осы жерде өтті, біздікілер алғашқы орындарды иеленді. Жаттықтырушыларымыздың бәрі жақсы, тәжірибелі. Менің жаттықтырушымның аты-жөні - Андрей САФАРЬЯН, - дейді Евгений.
Біз оның өзенге түсер алдында байдаркаға отырып жатқанын суретке түсіргіміз келген, бірақ Евгений бас тартты:
- Кешіріңіз, жаттықтырушым жаттығу алдында суретке түсуге болмайтынын айтады, себебі бұл нәтижеге әсер етуі мүмкін немесе бірдеңе дұрыс емес болуы мүмкін. Мен бұған сенемін (күліп), - деді.
Айнұр САПАРОВА
Автор түсірген және Евгений Русаков жолдаған суреттер