Атырау, 29 қараша 11:55
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Отбасылық жанжал: кей әйелдің қолында оқтау болады

2 221 просмотра

Осы жыл басынан бері Атырау полициясына тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 1529 арыз түскен. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысы бойынша полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Раиса АЙТЖАНОВА мәлім етті.

Оның айтуынша, әйелдерден күйеуінің ішімдікке салынуынан немесе оның тарапынан қызғаныш болуы (көбіне екеуі сабақтасады) салдарынан отбасында жанжал туындаған кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы шағым түседі. Кикілжің кезінде ыдыс-аяқ сындырып, басқа тұрмыстық заттарды бүлдіріп, ақыр аяғында қол жұмсауға дейін барады.

Барлық жағдайда ҚР ӘҚБтК-тің 73-бабы («Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер») бойынша хаттама толтырылды.

«АЖ» сауалы:

- Ақтауда күйеуі полицияға әйелінің өзін оқтаумен ұрғанын айтып шағымданған еді. Ал Атырауда мұндай оқиға болды ма?

– Ер адамдардан әйелдерінің ұрып-соғуына қатысты шағымдар түскен жоқ. Бірақ тіл тигізгені жөнінде шағымдар бар. Биыл Атырау тұрғыны азаматтық некедегі әйелінің өзіне тіл тигізіп, қатты қорлағаны жөнінде шағым түсірді. Анықтай келе, олардың жиі бірге ішетінін, осындай отбасылық «отырыстың» бірінде әйелі күйеуін сөзбен сыпыртып балағаттағаны соншалық, оның полицияға шағымдануды қажет деп санағаны белгілі болды. Олар татуласқан соң, әкімшілік іс қысқартылды.

...Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін дағдарыс орталығында жыл басынан бері 78 адам – 26 әйел мен 52 бала уақытша баспана тапты. Ал бүгінде орталықта 11 бала мен алты әйел тұрады. Бұл жерде жарты жылға дейін тұруға рұқсат етілген. Орталық 2012 жылы ашылған, 20 орынға есептелген.

Р.Айтжанованың айтуынша, алғашқы отбасылық жанжалдан кейін учаскелік инспекторлар профилактикалық жұмыстар жүргізеді, бұл көбінесе жақсы нәтиже береді: күйеулері кешірім сұрайды, кешірім алған соң дағдарыс орталығынан отбасын үйіне алып кетеді. Алдағы уақытта бұл отбасы учаскелік инспектордың бақылауында болады.

- Мұның бәрі балаларының психикасына әсер етпес үшін әйелдер кешірім береді. Өкінішке орай, отбасында келісім болмаса, бұл жағдайлар қайталануы мүмкін. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туындаған жағдайда Алмагүл ықшамауданында орналасқан дағдарыс орталығына 46-60-60 немесе 102 немесе 98-23-34 телефондары арқылы полицияға хабарласуға болады, - деп түйіндеді сөзін Р.Айтжанова.

Айнұр САПАРОВА

11 қыркүйек 2022, 12:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.