Атырау қалалық мәслихатының сессиясында басқа мәселелермен қатар қаладағы мал базарларындағы жағдай да қаралды. Депутаттардың айтуынша, ол жердегі санитариялық ахуал нашар. Өз кезегінде аумақтық ветеринариялық инспекциясының басшысы Сейілбек ЗҰЛХАШЕВ қала басшылығы қызметкерлеріне дұрыс жағдай жасамады деп есептейді.
Атыраудағы мал базарларына ветеринариялық инспекция (қалалық ветеринариялық станциямен шатастырмау керек) тікелей жауапты. Қазір олардың бесеуі бар.
Қоғамдық кеңес мүшелері мал базарларын тексеру барысында көптеген олқылықтарға куә болды. Мәселен, мал соятын цехта қанды жай ғана сумен шайып тастайды, мал союға қатысты басқа да талаптар сақталмайды. Депутаттар ветеринариялық инспекцияның жұмысын сынға алғанымен, оның басшысы айтылған сынмен келіспеді.
- Біз жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ мамандардан жақсы жұмыс талап ету үшін оларға жағдай жасау керек. Ғимаратымыздың тозығы жеткен, қызметтік көлікті биыл ғана алдық, - деді С.Зұлхашев.
Мәслихат хатшысы Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ өте қатқыл жауап берді:
– Жергілікті әкімдікпен жұмыс жасай білмесеңіздер, оған кім кінәлі? Әкімдікке, басшыларыңызға хат жазып, ғимарат сұрауыңыз керек. Өйткені бұл мемлекеттік кәсіпорын.
– Бізге келіңіз, бәрін өз көзіңізбен көресіз. Қолдау көрсетсеңіз жақсы болар еді. Мамандарға талап қою үшін жұмыс жасауына жағдай жасау керек, – деп қайтпады инспекция басшысы.
Депутат Бейбіт МЫРЗАҒАЛИЕВ:
– Ғимарат ескі, бірақ ішін тазалауға, ана қораптарды басқа жерге қоюға болады ғой. Сізде жұмыс үстелі, компьютер бар. Сондай жағдайда жұмыс істеп жүргендеріңізге өздеріңіз кінәлісіздер.
Қақтығысқа Қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ араласты:
– Зұлхашев бұл қызметке жақында келді, одан нәтиже талап ету әлі ерте. Жас басшыға қолдау көрсетейік, ветеринариялық инспекторлардың мұң-мұқтажын атқарушы билік алдында көтерейік.
Сессияға қатыспаған жас депутат Ілияс ҚОНЫСБАЕВ Facebook желісіндегі парақшасында: «Мал базарларының жұмыс сапасы сын көтермейді. Оны бәріміз көріп жүрміз. Құрбан айт кезінде мал базарларының маңындағы қоқыс жәшіктерінен төрт түліктің қалдықтары табылды. Оны кім төккені белгісіз, тіпті тексерілмеген де! «Осы қоқыс бойынша инспекция санитариялық дәрігерлермен бірлесіп тексеру жүргізді ме?» деп сұрадым, бірақ жауап алмадым. Демек, жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Мал базарларында біз тұтынатын төрт түлік сатылады. Ал егер стандарттар сақталмаса, адам денсаулығына зиян болуы мүмкін. Мал базарларына талапты күшейту керек!».
Фархат АБИЛОВ
Суреттерді түсірген автор