Атырау, 29 қараша 14:38
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Сасық судың әбігері

Сурет
1 272 просмотра

Құрманғазы ауданындағы Сурхан (Кобяково) өзенінің жағасында отырған Еңбекші округіне қарасты екі ауыл - Ж. Нәжимеденов пен Дәулеткерей тұрғындары өзен суы тазартылғаннан кейін де төртінші жыл сасық судың зардабын тартуда. Биыл да шілде мен тамыз айларында ауыз суды тасып немесе дүкеннен сатып ішуге мәжбүр болды.

Тұрғындардың дабылынан кейін Құрманғазы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі Жұмекен су тазарту қондырғысы мен Сурхан өзенінің ашық су көзінен микробиологиялық және химиялық зерттеу жүргізіп, иісінде, дәмінде, түсінде өзгерістердің бар екенін анықтаған болатын.

Зертханалық қорытындыда көрсетілгендей, судағы жалпы микроб саны 1 мл суда 50-ден кем болмауы қажет болса, зерттелген сынамада көрсеткіш 90-ға жеткен, түстілігі 20С-дан аспауы керек болса, ол 33-ке жеткен. Иісі мен дәмі бойынша көрсеткіш те нормадан жоғары. Иісі мен судың көк-жасылданып кетуі салдарынан тұрғындар ауыз су ретінде пайдалана алмай отыр, балықтар да едәуір қырылып қалған.

- Жыл сайын осы проблема. Жаз сайын судың ағыны болмаған соң, су шіриді, - дейді жергілікті тұрғындар.

Сурхан өзенін тереңдете қазып, тазалау жұмыстары басталғанымен, оның жуық арада аяқталмасы белгілі.

- Ыссылық тарағаннан, яғни қыркүйектен бері өзен суы қалыпқа келді. Бүгінде ауыл адамдары су қондығысы арқылы келетін суды пайдаланып отыр. Ал қанша балық қырылғанын нақты білмеймін, осы округке жақында ғана әкім болдым. Бірақ өзен жағасын тазартқанда біраз балықтың өлексесі жиналып алынғаны рас, - дейді Еңбекші округінің әкімі Жасқайрат ХАМЗИН.

- Келесі жыл тағы да осы жай қайталана ма?

- Қайталанбас деп үміттенемін. Ауыз су желісін «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырына қосу жұмысы ұзамай жүзеге аспақшы. Бастысы – біздің су лимитіміз анықталса болды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

10 қыркүйек 2022, 01:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.