Атырау, 29 қараша 14:28
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Цифрлық карта» арқылы жәрдемақы тағайындалады

1 529 просмотра

6 қыркүйекте Атырауда жәрдемақы алу процесін жеңілдетуге арналған «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылды.

– Атырауда 10 отбасына жобадан алғашқы СМС-хабарлама келді. Бұл жоба ойдағыдай жүзеге асса, азаматтарға көмек сұрау үшін құжат беру қажет болмайды. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне азаматтың әлеуметтік санаты енгізіледі. Содан кейін автоматты жүйеден кімге және қандай әлеуметтік төлем төленетіні көрсетілген СМС-хабарлама жіберіледі. Қазір бұл жүйеге азаматтардың әлеуметтік санатын енгізу және ақпараттың дұрыстығын тексеру жұмыстары жүргізілуде, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВ.

Енді әр отбасының мемлекет кепілдіктерін алу құқығы - оның құрамы мен материалдық жағдайының деңгейіне қарай бір жүйемен белгіленетін болады.

Еске салсақ, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында биыл 1 тамызға дейін өңірдегі 994 отбасынан 5555 адам жалпы сомасы 258 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек алды. Оның ішінде шартты ақшалай көмек 775 отбасынан 4576 азаматқа, шартсыз ақшалай көмек 247 отбасынан 1142 азаматқа берілді. Шартты ақшалай көмекті отбасының еңбекке қабілетті кемінде бір мүшесі бар отбасылар әлеуметтік келісімшарт жасау және оны адал орындау шартымен алады. Ал шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетсіз азаматтары бар немесе объективті себептермен жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған отбасының еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі бар отбасыларға беріледі.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатының талдамасына сүйенсек, 66,4%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, 3,2%-ы жұмыссыздар, 12,9%-ы көмек сұраған кезде жалақысы аз жұмысы барлар, 0,7% -дербес жұмыс істейтіндер, 0,7% - зейнеткерлер, барлық топтағы мүгедектер - 0,9%, студенттер - 3,6%, бала күтіміне байланысты демалыстағылар - 10,7%, басқасы - 0,9%.

- Шартты ақшалай атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан еңбекке қабілетті азаматтар саны – 1326 адам. Оның 38-і – тәуелсіз қызметкерлер, 720-сы өтініш берген кезде жалақысы төмен жұмыста болғандар, 180-і жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, 388-і бала күтіміне байланысты демалыста болғандар, - деді Азамат Мәмбетов.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 мен 6 жас аралығындағы 1310 балаға 56 млн 600 мың теңге кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 қыркүйек 2022, 19:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.