Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жатқан Атырау облысынан шақырылған Бекбол МИРАШТЫҢ өліміне қатысты күдікті ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша тергелік жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
- Алғашқы күндері үміт күткен баласынан айрылған Бекболдың 45 жастағы әкесі Досбол ҚОЖАХМЕТОВ қайғыдан қан жұтып, баспасөзбен тілдесуге шамасы болмады. Бірақ қазір «АЖ» тілшісімен сөйлесуге келісті.
- Бекбол ұялы телефон арқылы үймен жиі хабарласып тұрды. Көңіл-күйі жақсы еді. Бірақ қайғылы оқиғадан екі күн бұрын сөйлескенінде дауысы бәсең, біртүрлі көрінді. «Ұлым не болды, көңіл-күйің жоқ қой, ауырып қалдың ба?» деп сұрадым. «Папа, ұйқтап қалыпппын, содан болар. Менде бәрі жақсы» деді қысқа ғана жауап қайтарып. Дегенмен өзім де мазасызданып, неге жорырымды білмедім. Күдігім алдамапты, екі күннен кейін қаралы хабар жетті. Сенгенім жоқ, ол өздігінен өзін өлімге қиятын жан емес еді. Мүрдеханадан баламның денесінен арқа жағы мен бүйір тұсынан көгеріңкіреген із көрдім, бірақ дәрігер қан ұю салдарынан болған деді. Ал мойнында із тұрды, - дейді Д. Қожахметов.
- Сізге ұлыңыздың не себептен осы қадамға барғанын әскери басшылық түсіндіре алды ма?
- Маған бастапқыда басшылығы «дос қызымен ренжісіп, сосын суицидке барған» деп түсіндірді. Енді, міне, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін оған қысым жасалғаны анықталып, өзін-өзі өлтіруге итермелеген күдікті қамауға алынды. Мұның ақша бопсалаумен байланысты екенін мүлде жоққа шығармаймын. Арасында дүкеннен керек-жарағыңды аларсың деп, азғана ақша салып тұратынбыз. Ал қазір Бекболдың таныстарынан, сыныптас достарынан 15-20 мың көлемінде жиі ақша сұрағанын біліп отырмын. Ол кезде олар сұраған ақшасын жібере алмаған, соңы осындай қайғылы жағдайға соғып тұр ғой. Егер өзімнен сұрағанда, қарыздансам да тауып беретін едім ғой.
- Тергеу қалай жүріп жатыр?
- Күдіктінің адвокаты изолятордан үйқамаққа босату жөнінде өтініш білдірген. Бірақ оны қабыл алмады. Сараптама қорытындысы бір айдан кейін шығады, ал тергеу екі ай жүреді деді. Менің мақсатым, тергеу әділ жүріп, күдікті жазасын алса деймін. Әйтпесе бұл жай қайталана береді. Мен де кезінде Отан алдындағы борышымды өтегенмін. Ол кезде де әскерде «дедовщина» деген болмады десем, өтірік айтқандай болармын. Бірақ дәл осындай сұмдық оқиға орын алған емес. Баламның әскерге барғанын қаламадым, бірақ ол әскерге бармасам, жұмысқа алмайды деді.
- Қазір жағдайларыңыз қалай?
- Мен былтырғы қазаннан бері жұмыссызбын, Қарабатанда жұмыс жасайтынмын, қысқартуға ұшырадым. Жолдасым Үміт мектепте қызметкер, бүгінде ақысыз демалыс алып отыр. Қазір жиі сырқаттанып қалып тұр. Үш балам бар, қызым Ақтөбедегі Бәйішев университетінде ақылы бөлімде оқып жатыр. Келесі жылы бітіреді. Ал 9 жасар кіші ұлым туабітті мүгедек. Біз Бекболдан көп үміт күтетін едік. Ұлым үйленіп, ұрпағымыз жалғасады деуші едік, енді не болды...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА