Атырау, 5 қазан 00:21
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Атқыштың» ісі бойынша сот отырысы: айыптау актісі жарияланды

Сурет Бейнежазба
1 691 просмотра

5 қыркүйекте Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 15 наурызда облыс орталығындағы Авангардтың соңғы аялдамасында үш адамды атып өлтіріп, біреуін ауыр жаралаған «атқышқа» қатысты негізгі сот отырысы басталды.

Сот отырысының басында сотталушы Бауыржан ҚАРА БАҚ-та бет-жүзі мен аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. Бұл залда отырған жәбірленушілер тарапының наразылығын тудырды. Отырыстан кейін олар бұл тақырыпты «АЖ» тілшісімен сұхбатында жалғастырды.

Олар қылмыс орнында қаза тапқан туыстарының мәйіттері мен бет-әлпеттерінің суреттері әлеуметтік желіде тарап кеткеніне шағымданып, мұны тек сол жерде жұмыс істеген полицейлер ғана жасай алады деп есептейді.

Қаза болған 26 жастағы Самат Қауановтың туған інісі Қуаныш ҚАУАНОВ былай дейді.

- Сотталушының өзін көрсетпеу туралы өтінішімен келіспеймін. Кезінде қылмыс болған жерде полицейлер ағамды суретке түсірді, бірақ қызметтік мақсатта қолданылатын суреттер интернетте тарап кетті. Біз оларды жауапқа тарту үшін прокуратураға, полиция департаментіне арыз жаздық, бірақ суреттердің қарапайым адамдар түсірген әуесқой түсірілім екенін айтты. Мен өзім қылмыс орнына жете алмадым, өйткені бәрін қоршап тастады. Ол жерге құқыққорғау органдарынан басқа ешкім кіре алмады.

Басынан ауыр оқ жарақатын алған Абат НИМАТОВ денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмай отыр. Оның әкесі Ахат НИМАТОВ ұлының әлі емделіп жатқанын, елордадағы дәрігерлерге жиі  баратынын айтты.

Дәрігерлер баламның көзі 20 пайыз ғана көретінін айтты. Қазір ол көп нәрсені есіне түсіре алмайды, дұрыс сөйлей алмайды. Ұзақ уақыт емделуі керек, Аллаға ғана сыйынып, үміттеніп отырмыз, – дейді А.Ниматов.

Прокурор Мариана ЖҰМАХАНОВА айыптау актісін оқыды. Актіге сүйенсек, сотталушы былтыр қыркүйек айында 8, 11 және 12 жастағы балалары бар әйелмен танысып, 2022 жылдың наурыз айынан бастап бірге тұра бастаған. 15 наурызда әйелдің екі үлкен ұлы мектеп жанында әкесімен кездесіп, сотталушының оларды ұрып-соққанын айтып шағымданған. Әкесі Нұрсая ықшамауданында орналасқан Атырау қалалық полиция басқармасының №14 учаскелік полиция пунктіне арыз берген. Арыз негізінде учаскелік пунктке анасы мен өгей әкесі, сондай-ақ балалардың әкесі мен оның туыстары келген. Сол жерде балалардың әкесінің інісі К.Ибағали мен сотталушының арасында жанжал туындаған. К.Ибағали жанжалды жеке шешейік дейді, содан кейін телефон нөмірлерін алмасып, барлығы үйлеріне тарайды.

«Сотталушы учаскеде бірнеше адамның көзінше психологиялық жеңіліске ұшырағаны үшін талапкер тараптан кек алуды көздеген. Ол қылмыс қаруы ретінде қолында болған «RETAY PT 24» және «RETAY X1» тапаншаларын таңдаған... 15 наурыз күні сағат 20:30 шамасында әйелдің ұялы телефонына қоңырау шалған, бірақ телефонды балалардың туған әкесі көтереді. Сөйтіп олар «Авангард» ықшамауданының соңғы аялдамасында кездесуге келіседі», - делінген айыптау актісінде.

Әрі қарай не болғанын бәрі біледі.

Сотталушының құқығын адвокат Жамбыл МҰҚАШЕВ пен оның анасы қорғайды.

Айыптау қорытындысы жарияланғаннан кейін сотталушы онымен келіспейтінін мәлімдеді. Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА оған келесі отырыстарда өз ұстанымын білдіруге әлі мүмкіндігі болатынын түсіндіріп, «кінәңізді мойындайсыз ба, жоқ па?» деп сұрады. Сотталушы толық мойындамайтынын, өйткені «сол сәтте менің көзім қарайып кетті» деп, ештеңе есінде жоқ екенін, бұл кісі өлтіру қасақана ойластырылмағанын айтты.

Келесі отырыс 14 қыркүйекте болады, жәбірленуші тараптан жауап алынады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

6 қыркүйек 2022, 16:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.