Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 416 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальтталғаны 218,8 (52,5 пайыз), ал қалған бөлігі (47,5 пайыз) асфальтсыз.
100-ШІ КӨШЕ НЕГЕ ҰМЫТ ҚАЛДЫ
1960 жылдардан бері қоныс тепкендер осы көшені неге ұмытып кеткендеріне айран-асыр қалумен келеді. Өйткені «Барлаушы» бөлігі деп аталып кеткен ықшам ауданының басқа көшелері түгел асфальтталып, жалғыз осы көше ғана қалған. Көше тұрғындары аудандық және қала әкімдігіне бірнеше рет шағым түсірген.
- Келесі жылы жол жөндеуіне ілгесіңдер деп шығарып салады, одан жасалып жатқан жол жоқ. Бұл не масқара?! Әкімдер жиі ауысады, бірінің берген уәдесін екіншісі орындамайды. Құлсарының қала атанғанына 21 жыл болды, негізгі мұнай осы аудан төңірегінен өндіріледі. Ал біз қарапайым жолға жарымай отырмыз. Көктемде, әсіресе, қар ерісе, көшемізге көлік кіре алмайды. Әсіресе, түнде сабақтан қайтатын балаларға қиын. Таксилер оларды көшелеріңде жол жоқ деп, даладан түсіріп кетеді. Жедел жәрдем көлігі де кіре алмайды, науқастарды арқалап тасып жүргеніміз. Қолдарыңнан келсе жәрдемдесіңдер, - дейді ашынған Үміт ИЗЕКЕНОВА мен Рысбике МҮБАРАКОВА.
- Көше жарығы жоқ, күз түскенде қиын болып тұр. Бұдан бірнеше жыл бұрын мектептен қайтып келе жатқан оқушы қыз баланы зорлап та кеткен. Осындай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Электр бағандары ескі, ағаштан жасалған, бұларға 50 жылдан асып кеткен, - дейді Аманжол ЖӘНЕКЕНОВ.
ЖЫР БОЛҒАН МАХАМБЕТ ДАҢҒЫЛЫ
- Құлсары қаласының жолдары, Қожанасырдың шапанындай, жамау-жамау. Жасалып жаткан жолдардың ешқандай сапасы жоқ. Жол сызықтары жоқ, орталық көше Махамбет даңғылының өзі 2019 жылдан бері қайта-қайта жөнделуде. Бір мекеме келіп, асфальтты қырып алып тастады, ал жұмыс жасалмастан қалды. Қорлықты жергілікті тұрғындар көрді, осы «қотыр» жолда апатты жағдай орын алып, бір адам қайтыс болды. Ақырында мердігер мекеме 100 млн теңгені қалтасына басып кетіп қалды, әкімдік соттасқанымен жеңіліп қалып, жол жасалмастан қалды. Бұл халықтың ақшасы емес пе, әкімдік, жауап беріңдерші. Төрт жылдан бері бітпеген не жол, бұл? -дейді Рақымжан САҒЫНДЫҚОВ (суретте) пен Мейрамбай САБЫРҰЛЫ.
Айтса айтқандай, жолдың жыры жетіп болғандай: 2019 жылы 2,5 км жолды жасауға бюджеттен 200 млн теңге бөлінеді. Тапсырыс беруші - аудандық ТКШ бөлімі, мердігер - «Жаңа түбек» ЖШС. ТКШ бөлімі жұмыс сапасызына наразы болып, ЖШС-ны сотқа беріп, ЖШС-нің есепшотына аударылып кеткен 103 млн теңгені даулайды. Бірақ сот мердігермен арадағы келісім шартты уақытында заңдастырмағаны және мердігер жұмысын заңсыз тоқтатып тастағаны үшін ТКШ-ны кінәлі деп таниды. Апеляциялық сотқа бергенімен, бірінші соттың шешімі өзгеріссіз қалған.
Бүгінде Махамбет даңғылындағы 2,2 км жолға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін бюджеттен 735 млн теңге бөлінген. 2 шілдеден бастап Махамбет даңғылы автокөліктер үшін уақытша жабылған. Бұл жұмысты қолға алған «Казкомсервис» ЖШС осы жылдың аяғында күрделі жөндеу жұмысын аяқтауы керек. ЖШС жұмысшыларының айтуынша, жұмыс қолы жеткілікті, материалда үзіліс жоқ көрінеді.
Аудандық әкімшіліктің берген мәліметіне сәйкес, қалада жолдарды жамау-жасқау жұмыстары қыркүйектің 5-інде аяқталуы тиіс еді. Алайда жұмыс жалғасуда. Осы жұмысты міндетіне алған мердігер «ГолбалВестКонтракшн» ЖШС 71 млн теңгеге бағаланған 14300 текше метр жол жөндеуін жасауы тиіс болатын.
- Ала жаздай жол жабық болды. Бүгін осы шұқырлармен жүрем деп, апатқа ұшырадым. Аудандық ТКШ бөліміне телефон соқсам, бүкіл Қазақстанда битум жоқ дейді. Неге жолды бүлдіреді, материал жоқ болса, - дейді Айзада есімді Құлсары тұрғыны.
Тағы бір «Атырау» ықшам ауданында көлік жолы мен тротуар салу (22,1 шақырым) жұмыстары да жүруде. Бұл жұмыстар да келесі жылы аяқталады деп көзделуде.
Жалпы Құлсарыда қалаішілік автобиль жолдарын қайта жаңғырту 3 кезеңге бөлініп отыр. 2024-2026 жылдары қалаішілік жолдарды қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспары жасақталған. Бірақ бұл жоспарлы істердің орындалатынына жергілікті тұрғындар сенбейді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор