Атырау, 5 қазан 00:18
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атыраудан қостанайлықтарға көмек жіберіліп жатыр

Сурет
1 126 просмотра

Дала өртінен зардап көрген Қостанай облысының Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандарының тұрғындарына атыраулықтар 30 тонна гуманитарлық көмек жіберді.

Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ тапсырмасы бойынша Атырау қаласы мен аудандарда азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-жабдықтарды жинау үшін арнайы штабтар құрылды. Жиналған заттардың бәрі кезең-кезеңмен жөнелту үшін көліктерге тиелді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қайырымдылық шарасына бей-жай қалмаған тұрғындар, әкімдік қызметкерлері, саяси партиялар мен мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасағы жұмыла ат салысып жатыр. 

- Қостанай облысындағы қайғылы оқиға кімнің болмасын қабырғасын қайыстырмай қоймады. Қазір Қостанай облысындағы «Amanat» партиясы филиалының басшысымен байланыста отырмыз. Жапа шегушілерге тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты ашылды, - деді облыстық «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов

Оның мәліметінше, гуманитарлық көмек тиелген алғашқы 10 жүк көлігі жолға шыққан. Қалғаны жақын уақытта жөнелтіледі. 

- Ауыр хабарды естігелі бері тауарларды көліктерге тиеп жатырмыз. Біз Қостанаймен біргеміз, - дейді ерікті Заманбек ҚҰРАҚБАЙ.

Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды.

- Чатқа қосылған азаматтар ақшалай және заттай көмек көрсетуге дайын екенін жазып жатыр, - дейді ерікті Нұрлан ЖОНАСОВ. - Екі күн бойына керек-жарақтың бәрін жинап, кейін жөнелтеміз деп отырмыз. Қазірдің өзінде 20-ға жуық жүк көлігі сақадай-сай тұр. Алмалы ауылы және Махамбет ауданынан да жүк көліктері келе жатыр.

Нұрбейбіт Нұғыманов 

Суреттерді облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынды

6 қыркүйек 2022, 12:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.