Атырау, 14 мамыр 20:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +11
$ 440.92
€ 475.36
₽ 4.82

Нұрсая тұрғындары әкімге қандай мәселемен шағымданды

Сурет Бейнежазба
1 609 просмотра

Нұрсаядағы балалардың ойын алаңдары ескірген, айдың күннің аманында жарық сөніп қалады, көшеде бұралқы иттер де көбейіп кетті. Халық тығыз орналасқан бұл ауданға тағы бір мектеп қажет. Нұрсая және Жерұйық ықшамауданының тұрғындары осы және бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді №37 мектепте Атырау қаласы әкімі Мейірім ҚАЛАУИМЕН  болған кездесуде көтерді.

Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, әкімдіктің бөлім басшылары, «Смарт Атырау» және полиция өкілдері қатысты.

- Бұл ықшамауданда салынған үйлердің сапасының төмендігі, ойын алаңдарының ескіргені, жарықтың жиі сөнуі мәселесі бар екенін білеміз. Жарықтың жиі сөнуіне №100 қосалқы станциядан келетін электр желілерінің ескіруі себеп болып отыр. Қазіргі кезде желілерді түгел ауыстыруға жоба дайындалуда. Жұмыстар келесі жылы басталады, - деді М.Қалауи.

Қала әкімінің мәліметінше, биыл Нұрсая ықшамауданындағы №20, 22-28, 50, 55-60 үйлердің ауласына және Тұлпар ықшамауданының 72, 73, 75, 77 тұрғын үйлерінің аулаішілік аумағын абаттандыру көзделген. Аула ішіндегі автокөлік жолдары, әсемдік қоршаулар мен жарықшамдар, балалардың ойын алаңдары, спорттық жаттығу алаңдары жаңадан орнатылып, кіші аяқ доп алаңдары салынады, қоқыс жәшігі орнатылып, талдар отырғызылады. Бұл жұмыстар келер жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Шынар МУСЛИМОВАНЫҢ айтуынша, Нұрсая тұрғындарының басты мәселесі – күнделікті қалаға қатынап жүрген 30А маршрутының 20 тамыздан бастап ықшамаудан ішімен жүрмейтіндігі. Маршрут жолаушыларының 90 пайызы - Нұрсая тұрғындары. Осыған байланысты олар бұрынғы маршрут бағытын қайтаруды сұрайды.

Қала әкімі бұл сызба әзірге пилоттық негізде жасалып жатқанын ескертті.

- Бір жарым ай бұрын қоғамдық тыңдау өткізгенде, тұрғындардан бізге хат келмеді. Нақты ұсыныстарыңызды мненің атыма жолдасаңыздар, жауапты мекемелермен талқылаймыз, - деді әкім.

Сондай-ақ, мектеп мәселесі Нұрсая ықшамауданында қазір салынып жатқан 2000 орындық BINOM мектебі арқылы шешілетінін атап өтті. Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе - қаңғыбас иттердің көбеюі. Ертең балалар мектепке баратын кезде бұл мәселе өте өзекті болып отыр.

- Жаңа заң шыққанға дейін былтыр қалада 7000 ит атылған. Бірақ олардың саны азаймайды. Керісінше, оның көшеде қансырап жатқанын балалар көреді. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бағдарламасын қолданып, тек қабаған иттер ғана жансыздандырылып, зиянсыз иттер ұрықсыздандырылып, қайтадан қоғамға жіберіліп отырады. Осылайша 3-4 жылда иттердің көбеюі азаяды, - деп атап өтті М.Қалауи.

«Жайық Сервис» ПИК өкілі Жеміс ОСПАНОВА олардың кооперативінде 30 көпқабатты үй бар екенін айтты. Кейбір үйде даладан келетін су құбырының ысырмасы ұстамайды, бұл апатты жағдайд туындатуы мүмкін. Екінші мәселе - Нұрсаяда бір ғана полиция бөлімшесі жұмыс істейді. Кешкісін жасөспірімдер 9 қатарлы үйлердің шатырына шығып жүреді, жертөлелерде маскүнемдер отырады. Сондықтан учаскелік инспекторлар санын көбейтіп, тірек пунктін ашу қажет.

Полиция өкілінің айтуынша, қабылданған норматив бойынша бір тірек пунктінде 5 учаскелік инспектор жұмыс істейді. Нұрсаядағы халық санына шаққанда бұл жеткілікті.

Жиын соңында тұрғындар қала әкімі мен бөлім басшыларына халықпен жылына бір емес, бірнеше рет кездесіп, жасалған жұмыстарды туралы ақпарат беріп тұруды сұрады.

- Мен қаланың барлық ықшамауданы мен округтерінде енді тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдап отырамын. Бұл президенттің тапсырмасы. Енді күз айында келіп, тағы да кездесіп, бүгінгі көтерілген мәселелер бойынша жауап беремін, - деді қала әкімі.

Айтпақшы, жиыннан кейін нұрсаялықтардың ең басты талабы орындалып, 30А Нұрсаяның ішімен жүретін болды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

31 тамыз 2022, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.