Соңғы уақытта жаппай атысқа ұшыраған Украинаның Запорожье атом электр станциясына Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) сарапшылар делегациясы аттанды, деп жазады германиялық Deutsche Wellе медиасы.
АЭС-тегі атысқа Украина мен Ресей бірін-бірі кінәлайды. Басылым атыс Запорожьеде Чернобыльдегідей атом катастрофасы болу қаупін туғызғанын жазды. Запорожье АЭС-інде 6 атом реакторы жұмыс істейді.
Украинаның хабарламаларына сәйкес, 25 тамызда кезекті атыс салдарынан АЭС тарихта алғаш рет желіден толығымен ажыратылып, келесі күні ғана электр қуаты қалпына келтірілген. Украиналық "Энергоатом" оператор компаниясы оқиғаға "агрессордың әрекеті" деп Ресей армиясын кінәлаған.
Запорожье атом электр станциясы Ресей 2014 жылы Украинадан аннексиялаған Қырым түбегінің жанында орналасқан. "Энергоатом" Ресей ЗАЭС-ті Қырым энергетикалық желісіне қосуды жоспарлап отырған болуы мүмкін деп қауіптенеді.
* * *
Украин солдатының бас сүйегімен видеоға түскен Ресей жалдамалысы жөнінде Украина үндеу жасады.
Қолына бас сүйек ұстап, оны "Мариуполь қаласындағы "Азовсталь" зауытын қорғаған украин жауынгерінің бас сүйегі" деп мәлімдеген Ресейдің жалдамалысы Игорь Мангушевтің видеосына байланысты Украина Біріккен ұлттар ұйымына үндеу жолдады.
БАҚ ресейшіл саяси технолог және жекеменшік "Е.Н.О.Т" әскери компаниясы жетекшілерінің бірі деп санайтын Мангушевтің видеосы қай жерде, қашан түсірілгені белгісіз. Мангушев сөзінде "Ресейге қарсылардың бәрінің көзі жойылуға тиіс" деп мәлімдеген.
Украина Жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Дмитрий Лубинец БҰҰ-ға қарата айтқан сөзінде "Мангушевтің видеосы Ресейдің халықаралық гуманитарлық құқықты бұзғанына тағы бір дәлел" деген.
Донбасстағы ресейшіл сепаратистер тұтқынында Украинаның "Азовсталь" зауытын қорғаған мыңнан астам жауынгер отыр. Олардың бір бөлігі "Азов" полкінде қызмет еткен. Бұл бөлімді Ресей "террор ұйым" деп санайды, сондықтан Ресей оларға террорист ретінде қарауы мүмкін.
Сепаратистік "Донбасс халық республикасы" Азов полкінің жауынгерлерін жұрт алдында трибуналмен жазаламақшы.
29 шілдеде "Азовстальді" қорғап, тұтқынға түскен жауынгердердің 50-ге жуығы Донецк облысындағы Еленовка қаласының колониясында жарылыстан өлген. Ресей қорғаныс министрлігі "тұтқындар Украина қарулы күштерінің зымыранынан өлді" деп мәлімдеген. Украина "Азовсталь" қорғаушыларын азаптап өлтірген іздерін жою үшін Ресей әскері жарып жіберген деп санайды.
Ашық мәліметтерге қарағанда, "Е.Н.О.Т."әскери компаниясының жалдамалылары Украинаның шығысындағы ұрыс-қимылдарына, Сириядағы қантөгіске және 2014 жылы Қырымды аннексиялауға қатысқан.
2019 жылы Ресейдің тергеу комитеті "Е.Н.О.Т.-тың" 8 мүшесін қылмыстық ұйым құрған, тонаған, бопсамен шұғылданған деп айыптаған. Оның ішінде Ресейдің арнаулы қызметінің адамдары да бар. Биыл наурызда осы топ жетекшлерінің бірі Роман Теленкевичті 13 жылға сотап, бостандығынан айырған.
* * *
"Ресей әкеріне тіл тигізгені үшін" саха белсендісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Crispy Newspaper панк тобының жетекшісі, саха белсендісі Айхал Аммосовтың үстінен "Ресей әскеріне тіл тигізгені үшін" қылмыстық іс қозғалған. Бұл жөнінде Ресейдің "ОВД-Инфо" құқық қорғау ұйымы хабарлады.
Құқық қорғаушы ұйымның жазуына қарағанда, қылмыстық істі "Yakutian punk against war" (ағылшын тілінен аударғанда - "Якут панкі соғысқа қарсы") деген жазуы бар баннер үшін қозғаған. Аммосов бұл баннерді Саха республикасының орталығы - Якутск қаласына 13 тамызда Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин келер күні ілмек болған.
Азаттық радиосы Ресей қызметінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта белсенді 15 тәулік қамауда жатыр, 3 қыркүйекте тәулікке бостандыққа шығады.
Бұған дейін "Ресей әскеріне тіл тигізгені үшін" Аммосовқа үш рет айыппұл салынған. Аммосов акцияларының бірін жерлеу рәсімдері дүкені алдында өткізіп, "Күйеуің келді" деген плакат ұстап тұрған.
* * *
"Украинадағы соғыс бірнеше жылға созылуы мүмкін": Германияның сыртқы істер министрі
Германияның Сыртқы істер министрі Анналена Бербок Украинадағы соғыс бір жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол бітімге қол жеткізу мүмкіндігіне күмәнмен қарады, деп хабарлайды “Европейская правда” басылымы.
"Біз бұл соғыстың жылдарға созылуы мүмкін екенін ескеруіміз керек. Өйткені, өкінішке орай, Ресей үкіметі Украина мен оның тұрғындарын бағындыру туралы нақты идеядан тайған жоқ", – деді Анналена Бербок.
"Ресей Президентінің Украинаны қысқа мерзімде басып алу туралы идеялары жүзеге аспады. Украиндардың батылдығы мен халықаралық қару-жарақпен қамтамасыз етілуі ресейлік сарбаздарына жеңісті тойлауға мүмкіндік бермей отыр. Біз бұл жолда бәрін жасаймыз", – деп қосты министр.
Бербоктың айтуынша, Украина мен Ресей арасындағы бітімге "өте қарапайым жолмен: Путин кінәсіз адамдарды бомбалауды тоқтатып, танктерін шығарған кезде" қол жеткізуге болады.
"Путин бұған кез келген уақытта тапсырма бере алады. Ол Украинаға шабуыл жасады. Сондықтан ол кез келген уақытта қайғы-қасіретті тоқтата алады", – деді Германияның СІМ басшысы.
Сонымен бірге, Анналена Бербок Ресейдің Украинаға толық басып кіруі – "Путиннің соғысы, өйткені ол демократиялық емес билік жүргізеді" деп сендіреді.
"Демократиялық мемлекетте өз халқына зиянын тигізетін бұл соғысқа қарсы көтеріліс әлдеқашан болатын еді. Дегенмен, қарсы шыққандар құқық бұзушылыққа ұшырап, тұтқындалып, түрмеге жабылуда, дәлірек айтсақ, ұзақ жылдарға қамалуда", – деді Бербок.
* * *
Түркия Монтре конвенциясында берілген құқықтарға сәйкес Босфор мен Дарданелл арқылы өту құнын бес есе өсіреді, деп хабарлайды Новое Издание.
Ақпараттар Қамшы, Азаттық радиосы, stan.kz, kursiv.media басылымдарынан алынды.