Атырау, 5 мамыр 04:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

«Сүлеймен CUP» турнирі: оза шауып, бәйге алды

Сурет Бейнежазба
2 078 просмотра

28 тамыз күні Махамбет ауданы Кеңөріс ауылы маңында командалық көкпар, қыз қуу, аламан бәйгеқұнан бәйге және Батыс аймақтық ақындар айтысынан «Сүлеймен CUP» турнирі өтті. 

Қыз қуу ойынына облыстың әр ауданынан бес қыз және бес жігіт қатысты. Ойын ережесіне сай жігіт қызды астындағы сәйгүлігімен қуып жетіп, оның белбеуінен орамалды жұлып алуы тиіс. Егер жете алмаса, қыз жігітті қуып, мәреге дейін оны қамшымен төпелейді. Ойын барысында қыздар мінген сәйгүлік жүйрік болып, жігіттер опық жеді.

Дария Ербол, Алғабас елді мекенінің тұрғыны:

- 10-сынып оқып жүрген кезден бастап атқа отырамын. Өзіміздің шаруашылығымызда жылқылар бар, маған атқа отыру таңсық емес. Болашақта ұлттық ойындар факультетіне оқуға түсуді жоспарлап жүрмін. Мұндай жарысқа алғаш рет қатысуым, лайықты өнер көрсеткеніме қуаныштымын.

Ойын қорытындысы бойынща ойыншының әрқайсысы 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды.  

 

Командалық көкпарға Ақтөбе облысынан екі және Атыраудан екі команда қатысып, жанкүйерлердің делебесін қоздырар тартысты ойын жасады. Нәтижесінде Ақтөбеден келген екі команда алғашқы орындарды еншіледі. 


Құнан бәйгеге Қазақстанның батыс аймақтарынан 19 шабандоз қатысып, 12 шақырымдық қашықтыққа бақ сынады. Мәре сызығына құлсарылық Жасталап Танкиевтың Баян атты құнаны дара келіп, 500 мың теңгеге ие болса, 2-орында Жаңаөзен қаласынан келген Таңатар Үсеновтің құнаны (300 мың теңге), 3-орында оралдық Асхат Кабдешовтың аты (200 мың теңге), 4-орында құлсарылық Орынжан Жакановтың аты (100 мың теңге), 5-ші болып құлсарылық Бакош Жиенқұловтың аты (50 мың теңге) мәре сызығын кесті. 


Сәйгүліктердің бағы мен бабын сынайтын 30 шақырымдық аламан бәйге қорытындысында 1-орын мен 2 млн теңге сыйлыққа Ақтаудан келген Ибрагим Келдібайдың тұлпары ие болса, 2-орын маңғыстаулық Аман Жұмамұратов (1 млн теңге), 3-орын БҚО-нан келген Құбайдолла Бегазиевтің тұлпарына бұйырды. 


Аймақтық ақындар айтысына 20 ақын қатысып, бақ сынады. Айтыс қорытындысында бас жүлде мен 1 млн теңге сертификаты атыраулық Батыржан Кәдірбайға бұйырса, 1-орынды маңғыстаулық Абай Жолмағамбетов (750 мың теңге), 2-орынды атыраулық Серікбол Панабердиев пен маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев (әрқайсысы 500 мың теңге), үшінші орынды мақаттық Нұрбек Сарбасов, ақтөбелік Қайырхан Жұбаниязов және оралдық Мұрадым Мирланов (әрқайсысы 400 мың теңге) еншіледі. Сондай-ақ қазылар алқасының шешімімен жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін құлсарылық Ғалымбек Мұстафа байрағы 1 млн теңге Сүлеймен Акдрашев атындағы арнайы жүлдеге ие болды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

29 тамыз 2022, 20:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.